Археологтар Сарайшықтан Қасым ханның жерленген жерін тапты
Атырауда археологтар Қасым ханның жерленген жерін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы, NEGE. Бір кездері Алтын Орда, Ноғай Ордасы, содан кейін Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қалашығынан бірегей қабір табылды. Тарихи деректерге сүйенген археологтар бұл қабірде қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Қасым ханның жерленген жері болуы мүмкін деп болжап отыр. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов археологтардың тапқан жәдігері - Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі Қасым ханның қабірін көру үшін тарихи орынға барды.
Тарихшылардың айтуынша, Жәңгір хан Бөкейханұлы мұнда 1840 жылдары келіп, сол кезде «хан бейіті» деген жерге белгі қойған. Бірақ, кейіннен бұл белгі жоғалып кеткен. Ал өткен жылы атыраулық ғалымдар Ресей мұрағаттарынан Сарайшықтың ескі сызбаларын тапты. Сол сызбада хан қабірі айқын көрінеді.
Зерттеуге белгілі антропологтар, археологтар және этнограф ғалымдар тартылады деп күтілуде. Археологиялық қазбалар мен зерттеулер өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері үш шаршы шақырым жердегі ежелгі қорымдарда жүргізілуде. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту кезінде Қасым ханның жерленген жері табылуы мүмкін деген жаңалықты маңызды оқиға деп есептейді.
«Біздің археологтар еліміздің тарихында және халықтың санасында жарқын тұлға болып қалған көрнекті мемлекет қайраткері Қасым ханның жерленген жері табылғанына сенімді. Егер кейін жүргізілетін зерттеулер мен сараптама ғалымдардың болжамын растаса, бұл ел тарихындағы үлкен жаңалық болады деп ойлаймын. Ақпаратты алған алғашқы күннен бастап мен белгілі ғалым-тарихшы, археологиялық қазба жетекшісі Әбелсейіт Мұхтармен кездестім. Тәуелсіздік алған сәттен бері Елбасының қолдауымен және ҚР Президентінің тапсырмасымен қазақ халқының рухани мұрасы мен тарихи құндылықтарын толықтыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл елдің ұлттық бірлігін нығайту ісіне оң әсер етеді», - дейді облыс Махамбет Досмұхамбетов.
Әкімнің айтуынша, өңірде археологиялық қазба жұмыстарын одан әрі жандандыруға қолдау көрсетіледі.