Археолог Андрей Астафьев: Ғалымдар ғылымнан бұрын күнкөріс қамын ойлауға мәжбүр
Биыл жазда Маңғыстау облысындағы Таушық ауылының маңында орналасқан көне Қарақабақ қалашығынан VI ғасырға жататын керамикалық құмыра табылды. Бұл туралы белгілі археолог Андрей Астафьев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Астана, NEGE. Қарақабақ – Маңғыстау өңірінде кезінде қала мәдениеті дамығанын айғақтайтын бірегей археологиялық ескерткіш. Мұнда табылған жәдігерлер сол дәуірдегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, қолөнері және өзге өңірлермен байланысы туралы мол мәлімет береді. Алайда осындай маңызды мұраны зерттеп жүрген археологтардың жағдайы көңіл көншітпейді.
Маңғыстауда археологиялық зерттеулермен ұзақ жылдан бері айналысып жүрген Андрей Астафьевтің айтуынша, бүгінде отандық археология тоқырау алдында тұр. Көптеген әріптесі отбасын асырау үшін коммерциялық жобаларға кетуге мәжбүр болыпты. Ал ғылыми зерттеулерге берілетін үш жылдық гранттар ұзақ мерзімді әрі іргелі жұмыстар жүргізуге жеткіліксіз.
Осыған байланысты NEGE тілшісі археолог Андрей Астафьевпен Қарақабақ қалашығының тарихи маңызы, заманауи георадарлар мен дрондардың археологиядағы мүмкіндігі, отандық ғылымды қаржыландыру мәселесі және басқа да тақырыптар жөнінде сұхбаттасты.
– Андрей мырза, Қарақабақ қалашығынан табылған VI ғасырдағы құмыра жергілікті тұрғындардың тұрмысы мен қолөнері туралы не айтады?
– Қарақабақтан табылған бұл құмыраны сирек немесе бірегей жәдігер деуге болмайды. Бұл – сол кезеңдегі тұрғындар күнделікті тұрмыста пайдаланған кәдімгі ыдыс. Бірақ оның басты ерекшелігі – жергілікті жерде жасалғаны.
Қарақабақтан табылған ыдыстардың бір бөлігі сырттан әкелінген. Олардың арасында Каспий теңізінің солтүстік-батыс жағалауындағы елді мекендерден, Каспий маңындағы Дағыстаннан, Кавказ Албаниясынан, тіпті Ираннан жеткізілген керамика бар. Кейбір ыдыстар Хорезмнен және Сырдарияның төменгі ағысындағы Жетіасар өңірінен келген. Дегенмен табылған керамиканың басым бөлігі жергілікті жерде өндірілген. Бұл құмыра да солардың қатарына жатады.
Қарақабақта жасалған ыдыстардың көбі қалыпқа құйылмай, қолмен жапсыру тәсілімен дайындалған. Яғни бұл сол кезеңде кеңінен өндірілген қолөнер бұйымдары болған.
Бізді қызықтырған негізгі мәселенің бірі – осы технологияның Қарақабаққа қайдан келгені. Біздің болжамымызша, оның түп-төркіні толықтай жергілікті емес. Қолмен жапсырып ыдыс жасау тәсілі әлемнің көптеген өңірінде болғанымен, Қарақабақтан табылған керамиканың жалпы үлгісі мен оны жасау дәстүрінен сыртқы ықпал байқалады.
Бұл ыдыстардың пішінінен де көрінеді. Құмыралар, түрлі зат сақтауға арналған ыдыстар, саптыаяқтар, тостағандар мен кеселердің үлгілері де басқа өңірлердегі керамикамен сабақтас. Біздіңше, мұндай үлгілер Каспийдің арғы жағындағы қолөнер орталықтарынан келген.
Алайда V ғасырдан бастап жергілікті шеберлер осы тәжірибені меңгеріп, ыдыстарды өздері жасай бастаған. Олар Каспийдің арғы жағындағы шеберлердің тәсілдерін сол күйінде көшіріп алмаған, өз қажетіне бейімдеп, қайта өңдеген. Соның нәтижесінде пішіні мен өрнегі жағынан Маңғыстауға тән өзіндік керамика қалыптасты.
Яғни бұл ыдыстардың негізінде Солтүстік Кавказ керамикасының ықпалы болғанымен, уақыт өте келе Қарақабақта жергілікті ерекшелігі бар жеке қолөнер дәстүрі пайда болған.
– XXI ғасырда археология қалай өзгерді? Классикалық күрек пен қылқаламнан бөлек, дрондар, LIDAR, спутниктік түсірілім, 3D-сканерлер мен георадарларды қаншалықты белсенді қолданасыздар?
– Шетелде, әсіресе Еуропа мен АҚШ-та кең қолданылатын көптеген технология Қазақстанда әзірге жоқ немесе өте баяу енгізіліп жатыр. Оның басты себебі – мұндай құрал-жабдықтардың қымбаттығы. Бұған ғылымның жеткілікті қаржыландырылмауын да қосуға болады. Тағы бір мәселе – жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын мамандардың аздығы. Ондай кадрлар енді ғана қалыптасып келеді.
Дегенмен жаңа технологиялар біртіндеп енгізіліп жатыр. Археологиялық ескерткіштерді анықтау мен тіркеудің жаңа тәсілдері пайда болды. Қазір дрондар барлау кезінде, әуеден түсіруде, фотограмметрияда және топографиялық жоспар құру кезінде белсенді қолданылады. Бұл жұмысты едәуір жеңілдетіп, уақытты үнемдейді. Бірақ интернеттен көріп жүрген заманауи мүмкіндіктердің бәрі бізде әлі толық қолжетімді емес.
Мысалы, LIDAR бізде тек былтыр пайда болды. Бірақ оны институттардың қаншалықты белсенді пайдаланып жүргені туралы көп естіген жоқпын. Өйткені бұл технологияны сатып алу жеткіліксіз, оны меңгеріп, дұрыс қолдана білу керек.
Ал георадарлар нарықта бұрыннан бар, институттар да оларды пайдаланады. Бірақ оның қаншалықты тиімді қолданылып жүргені – бөлек мәселе. Біз де георадар мен басқа геофизикалық құралдарды қолданып көрдік, алайда тәжірибеміз сәтсіз болды. Геофизиктердің өздері де нақты себебін түсіндіре алмады. Олардың болжамынша, бұған топырақтағы тұз мөлшерінің көп болуы әсер етуі мүмкін. Сондықтан көп жағдайда өз біліміміз бен тәжірибемізге сүйеніп жұмыс істейміз.
– Экспедицияға шығар алдында жаңа нысанды қалай іздейсіздер? Аумақты заманауи технологиялардың көмегімен алдын ала зерттеу қаншалықты маңызды?
– Қазір спутниктік түсірілімнің көмегі өте зор. Дегенмен мен жаңа технологиялардың бәрін бірдей игеруге тырыспаймын. Өйткені мұнымен жақсы жұмыс істейтін жаңа буын өсіп келеді. Олар смартфонды, түрлі қосымшалар мен цифрлық құралдарды еркін қолданады.
Ал біз – кеңестік археология мектебінен шыққан буынбыз. Сондықтан терең талдауға, жинақталған тәжірибеге көбірек сүйенеміз. Ескі әдіспен жұмыс істеу міндетті түрде сапасыз нәтиже береді деген сөз емес. Негізгі айырмашылық – қазір көп нәрсе электронды форматқа көшті, 3D-модельдер жасалады. Біз сол жұмыстың бір бөлігін бұрын графикалық тәсілмен атқаратынбыз. Түпкі нәтиже көп жағдайда ұқсас.
Спутниктік түсірілім, әрине, жұмысты айтарлықтай жеңілдетті. Ол үлкен аумақтарды алдын ала қарап, археологиялық нысандарды анықтауға мүмкіндік береді. Кейде далалық зерттеуге шықпай-ақ, карта мен спутниктік суреттерді талдау арқылы жаңа нысандарды байқауға болады. Кейін сол жерлер экспедиция кезінде тексеріледі.
Сондықтан спутниктік түсірілім қазір археологиялық зерттеудің маңызды бөлігіне айналып келеді. Әсіресе барлау жұмыстары мен үлкен аумақтарды зерттегенде өте пайдалы. Мен өзім сауда және керуен жолдарын зерттедім. Мұндай кезде спутниктік суреттер көп көмектеседі. Тәжірибе жинақталған соң, олардан жер бетінде ізі әлдеқашан жоғалған көне жолдардың бағытын да аңғаруға болады.
Әзірге біз мұны көбіне көзбен шолып, салыстыру арқылы жасаймыз: суреттен көргенімізді талдаймыз. Меніңше, қазір мұндай жұмыстың біразын автоматты түрде орындайтын бағдарламалар бар. Жасанды интеллект те спутниктік суреттерді талдап, ықтимал нысандарды анықтауға көмектесе алады. Бірақ бұл – жаңа буын кеңірек игеретін бағыт деп ойлаймын.
– Нәзік артефактіні жерден қазып алу және кейін тасымалдау қалай жүзеге асады? Табылған затты зертханаға жеткізгенге дейін бастапқы қалпында сақтау қиын ба?
– Мұның түрлі тәсілі бар. Көп жағдайда бәрі реставрация мен консервацияға байланысты. Бұл – арнайы білім мен дағдыны талап ететін жұмыс.
Ең қарапайым тәсілдердің бірі – артефактіні топырағымен бірге, монолит күйінде алу. Яғни зат жатқан топырақтың белгілі бір бөлігі тұтас кесіп алынады. Егер артефакт өте нашар сақталған болса, оны гипспен бекітіп, зертханаға жеткізеді.
Ал экспедиция құрамында білікті реставратор болып, қажетті химиялық құралдар жеткілікті болса, бастапқы консервацияны қазба орнында да жасауға болады. Мұндай кезде артефакт мұқият тазаланып, арнайы ерітінділермен өңделеді. Содан кейін ғана жерден абайлап алынады.
Монолит күйінде алу тәсілі қазір де қолданылады және алдағы уақытта да қолданыла береді деп ойлаймын. Өйткені дала жағдайында өте нәзік әрі ұсақ заттарды бірден қауіпсіз алып шығу әрдайым мүмкін бола бермейді. Оған уақыт та, тиісті жағдай да қажет.
Егер экспедиция алдын ала дұрыс дайындалса, мұндай қиындықтар көп туындамауы керек. Әрине, кейде органикалық материалдардан жасалған артефактілерді сақтап қалу мүмкін болмай жатады. Бірақ бұл көбіне экспедицияның жеткілікті дайындалмауынан, қажетті құрал-жабдықтардың болмауынан туындайды.
Бізде де органикалық материалдан жасалған зат табылып, оны бірден қазып алуға мүмкіндік болмаған жағдайлар кездесті. Ондай кезде артефактіні ылғалды топырағымен қайта көміп, уақытша сақтап қоямыз. Содан кейін оны қалай қауіпсіз алып шығу және сақтау керектігі анықталады. Тиісті әдіс таңдалған соң, артефакт зертханаға жеткізіледі.
– Бүгінгі Қазақстандағы археологтардың әлеуметтік жағдайы мен жалақысы туралы не айтар едіңіз?
– Бұл сұраққа жауап беру маған қиын. Мен Археология институтының қызметкері болғаныммен, соңғы төрт жылда академиялық ортаның тыныс-тіршілігіне біраз араластым. Ғылымның қалай қаржыландырылатынын, мемлекеттің ғылымға, соның ішінде тарих ғылымына деген көзқарасын көріп жүрмін.
Өкінішке қарай, археологтар әлі күнге дейін қаржы іздеп, қолдау сұрауға мәжбүр. Мен археология мен тарихты мемлекеттің беделіне тікелей әсер ететін ғылымдар деп есептеймін. Өйткені олар елдің өткені мен тарихи жадын қалыптастырады. Сондықтан бұл салалар тиісті деңгейде қаржыландырылуы керек.
Мемлекет ғалымдарға көбірек көңіл бөліп, олардың жағдайын жасауға тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, қазір ондай жүйелі қолдау жоқ. Институт басшылығы әлі күнге дейін қаржы іздеп, түрлі конкурс пен грантқа қатысуға мәжбүр. Ғалымдар зерттеу жүргізуден бөлек, сол қаржыландырудың жолын іздеуге көп уақыт жұмсайды.
Қазақстанның ежелгі тарихын жүйелі түрде зерттеуге арналған ұзақ мерзімді, іргелі стратегиялық бағдарлама жоқ. Қазіргі гранттар археологтар мен археология ғылымының жұмысын белгілі бір деңгейде ұстап тұруға ғана жетеді. Бірақ ауқымды зерттеулер жүргізіп, үлкен ғылыми жаңалықтарға қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Себебі гранттардың көбі небәрі үш жылға беріледі.
Ал үш жылда іргелі зерттеу жүргізу мүмкін бе? «Іргелі» деген сөздің өзі іргетас деген мағынаны білдіреді. Кейбір тарихи мәселелерді ғалымдар ондаған жыл, тіпті бірнеше буын бойы зерттейді. Ал бізде бір тақырыпқа үш жыл қаржы беріледі де, кейін келесі жобаға немесе мүлде басқа тақырыпқа ауысуға тура келеді. Мұндай қайшылықтар өте көп.
Бұл мәселе жалақыға да, мамандарды ынталандыруға да тікелей байланысты. Ғалымдардың көбі отбасын лайықты асырау үшін қосымша табыс іздеуге мәжбүр. Археолог та – ең алдымен отбасы бар адам. Оның бала-шағасы, күнделікті тұрмысы бар. Сондықтан ол тарихты зерттеуге толық берілуден бұрын отбасын қалай асырайтынын ойлайды. Өкінішке қарай, бүгінгі жағдай осындай.
Мен басқа дәуірдің адамымын. Біз үш түрлі кезеңді бастан өткердік: кеңестік кезеңді, одан кейінгі дағдарысты және Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу уақытын. Сондықтан салыстыруға мүмкіндігіміз бар. Өзімді зерттеуші әрі ғалым ретінде сақтап қалу үшін маған да коммерциялық жобалармен айналысуға тура келді.
Соған қарамастан, бүгінге дейін Маңғыстауда осы саламен тұрақты айналысып, зерттеу жүргізіп келе жатқан жалғыз маманмын. Бірақ бұл мемлекет жасап берген жағдайдың нәтижесі емес. Бұл – менің ежелгі тарихқа, әсіресе Маңғыстаудың тарихына деген жеке қызығушылығымның арқасы.
Қазір осы ғылымды дамытуға уақытымды ғана емес, жеке қаражатымды да жұмсап жүрмін. Осындай жағдайда кейінгі буынның болашағы туралы айту маған қиын.
– Сонда жастардың археологияға қызығушылығы бар ма? Оларды бұл мамандыққа не тартуы мүмкін?
– Иә, әлеуметтік желілерден ғылымға қызығып, осы салаға келіп жатқан жастарды көріп жүрмін. Бірақ олардың қандай үмітпен келетінін айта алмаймын. Өйткені жүйенің ішіне тереңірек кірген сайын ғалымдардың да көп жағдайда ғылыммен айналысудан бұрын күнкөріс қамын ойлауға мәжбүр екенін көресің.
Сондықтан қазір археология мен археологиялық зерттеулердің едәуір бөлігі адамдардың жеке ынтасы мен қызығушылығының арқасында ғана жүріп жатыр.
Қазақстанда «жеке археология» деген ұғым да бар. Бұл – археологияның коммерциялық бағыты. Ғылым тұрғысынан қарағанда, мұның өзі даулы құбылыс. Бірақ бізде мұндай тәжірибе қалыптасқан. Көп адам бұл бағытқа ғылымға деген қызығушылықтан емес, табыс табу мүмкіндігі болғандықтан барады.
– Сонда бүгінде Қазақстан археологиясының дамуына не кедергі болып отыр? Мемлекеттік қолдау мен мамандарға жағдай жасау мәселесі қалай шешілуі керек?
– Мен Маңғыстауда жалғыз жұмыс істеп жүргеніме үйреніп кеттім. Кейбір жаңалықтарымызды өз қаражатымызға немесе мемлекеттік емес гранттардың көмегімен ашып жүрміз. Ғылыммен айналысуға, зерттеулерді жалғастыруға, жаңа дүниелер ашуға мүмкіндік іздейміз.
Бірақ мен бұл саладан кеткеннен кейін не болады деген алаңдаушылық бар. Кезінде «орны толмас адам жоқ» деген сөз айтылатын. Меніңше, кейбір салада таптырмайтын мамандар болады. Егер жоғары деңгейдегі маман саладан кетсе, белгілі бір бағыттың дамуы тоқтап қалуы мүмкін. Кейін оны қайтадан жолға қоюға тура келеді. Маңғыстаудағы археологияда да осындай қауіп бар.
Менің шәкірттерім жоқ. Өйткені өз мектебімді қалыптастыруға ешқашан арнайы ұмтылған емеспін. Себебі шәкірттеріме не ұсына аламын?
Маған қызығып келген жастарға: «Алдымен экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болуға мүмкіндік беретін табыс көзін табыңдар. Сонда ғана ғылыммен шын мәнінде айналыса аласыңдар», – деп айтамын.
Өңірдің тарихына қызығып, археологиямен айналысқысы келген адамдар болды. Бірақ қаржы мәселесі туындағанда, әсіресе адамның отбасы болса, көп жағдайда бәрі сол жерде тоқтайды. Сондықтан бұл мәселені жекелеген мамандардың проблемасы ретінде емес, мемлекеттік саясат деңгейінде қарастыру қажет деп ойлаймын.
Тағы бір ерекшелікті ескеру керек. Маңғыстау өңірі бұрыннан мұнай өнеркәсібінің арқасында дамып келеді. Соған байланысты мұнда негізінен техникалық мамандықтарға басымдық берілді де, гуманитарлық зиялы қауымның тұрақты ортасы толық қалыптаса қойған жоқ. Археологияға деген көзқарасқа да осы жағдай әсер етеді. Бірақ бұл тек Маңғыстауға тән мәселе емес, жалпы Қазақстанға ортақ проблема деп ойлаймын.
Мұның бір себебі – археологияның тарих ғылымының ажырамас бөлігі ретінде толық қабылданбауы. Көп адам археологияны тек көне заттарды іздейтін ғылым деп түсінеді. Яғни археологтың міндеті – қандай да бір ерекше артефакт тауып алу деген түсінік әлі де бар.
Мысалы, қазба жұмыстары кезінде адамдар келіп: «Құнды бірдеңе таптыңыздар ма?» – деп сұрайды. «Қандай құнды зат?» десең, «Алтын бар ма?» дейді. Сонда мен: «Өз үйлеріңізде алтын көп пе?» – деп сұраймын. Осыдан кейін көбісі ойланып қалады.
Тарих – алтынның тарихы емес. Тарих – адамзаттың, адамның тарихы. Біз соны зерттейміз. Ал археологияда адамның өткен өмірін одан қалған заттар арқылы танимыз.
Сондықтан археолог үшін сирек өрнегі бар кішкентай қыш сынығының өзі аса құнды болуы мүмкін. Өйткені сол бір сынықтың негізінде халықтар арасындағы мәдени байланыстарды, өзара ықпалды, сауда қатынастарын немесе белгілі бір технологияның таралуын анықтауға болады. Археологияның шынайы құндылығы да осында.