«Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек»: Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысы алғашқы кеңесте не айтты?

Жаңа тағайындалған қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов ведомствоның басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді. Жиында Қарулы күштерді реформалау бағытындағы негізгі міндеттер талқыланды.

Қорғаныс министрлігі

Астана, NEGE.  Ведомство ақпаратынша, негізгі басымдық әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, жауынгерлік даярлықтың сапасын көтеруге және қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға бағытталмақ.

Мырзахметов командирлерге әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алуға және оларға қатаң түрде жол бермеуге ерекше назар аударуды тапсырды.

«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деп атап өтті Айдос Мырзахметов.

Бұл ретте әскери қызметшілерді даярлау тәсілдері қайта қаралмақ. Оқыту жүйесі қазіргі заманғы ұрыс қимылдарын жүргізу жағдайына барынша сәйкестендіріліп, практикалық тәжірибеге, заманауи қақтығыстарды талдауға негізделмек. Сонымен қатар ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау, байланыс және басқа да жаңа технологияларды қолданудың заманауи тәсілдері ескерілмек.

Бұған қоса, артық әкімшілік рәсімдерді, есептілік пен практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқарту көзделген. Босатылған ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға тікелей бағытталып, үдерістер одан әрі цифрландырылмақ.

Ал сатып алу және ресурстарды бөлу әскерлердің нақты қажеттіліктері мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттарын ескере отырып, іске асырылмақ. Министр бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалануды, орынсыз шығындарға жол бермеуді және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруды тапсырды.

Кеңес барысында Қорғаныс министрлігінің қызметіне кешенді тексеру барысы да қаралып, құрылымдық бөлімшелердің басшыларына комиссия талап еткен барлық ақпаратты ұсыну тапсырылды.