Әрбір үшінші тұрғын психотерапевтің көмегіне жүгінетін болған
Чехияда пандемияның беті қайтқанмен психологтар мен психиатр көмегіне жүгінетін тұрғындар көбейді.
Алматы, NEGE. Прагада соңғы жылы психологиялық тұрғыдан көмек көрсететін 4 мыңға жуық орталық ашылған. Мамандар індет кезінде елдегі ахуал өзгеруі мүмкін екенін, алдын ала ескергенін айтады. Чехияда коронавирустан туындаған әлеуметтік қиындықтар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауыр психологиялық дағдарысқа әкелуі мүмкін. Жергілікті мамандар осылай дейді. Себебі індеттің экономикалық және саяси салдары адамдардың психикалық жағдайына қатты әсер еткен. Әрбір үшінші чех психотерапевтің көмегіне жүгінген.
"Қолды сабынбен жуып зарарсыздандыру, арақашықтық сақтау, бетперде кию сынды қатаң тәртіптер халыққа ауыр тиді. Адамдардың бойын қас қағым сәтте қорқыныш биледі. Індетке дейін маған күніне тек 3-4 адам қаралса, қазір олардың саны 30-ға жетеді. Тұрғындардың көбі енді бұрынғыдай еркін өмір ешқашан оралмай ма деп алаңдадйы. Мен бұл жерде осы уақытқа дейін жүйкесі сыр бермеген жандар туралы айтып отырмын. Ал есепте тұрғандарға кеселдің кері әсері тіптен зор", - дейді.
Сарапшылардың пікірінше, қазір Чехияда 3 миллионға жуық азамат қосымша психологиялық көмекке зәру. Салдарынан соңғы жарты жылда осындай жекеменшік компаниялардың қатары да еселеп көбейген.
Прага психологиялық денсаулық орталығының бас заңгері Мартин Квош: "Біз бұл саланы жіті бақылап, мұндай қызметтің бизнеске айналмауын қадағалап отырмыз. Жыл басынан бері 18 фирма лицензиясынан айырылды. Олардың кейбірінде біліксіз мамандар жұмыс істеген. Енді біреулері жанына шипа іздегендерді пайдаланып, табыс көзіне айналдырған. Ашық алаяқтыққа барған", – деді.
Прагада маусымның бас кезінде психологиялық денсаулық орталығының бақылауымен ел тарихында алғаш рет гештальт-терапевтердің кездесуі өтпек. Мамандар пандемияның әлеуметтік салдарын талқылайды. Себебі қазір өзіне өзі қол жұмсау Еуропаның барлық елінде ең өзекті мәселе.