20 сентября 2021 г. 17:45

АРБАЛЕТ АСЫНҒАН КИЛЛЕР «Айка Бегемоттың» адамы екен

Фото:

Өткен жылы 2 қарашада Истра қалалық округіне (Мәскеу облысы – ред.) қарасты ауылдардың біріндегі жеке үйдің моншасында бизнесмен, «колбаса королі» Владимир Маруговты белгісіз біреулер өлтіріп кетті. Әйелі екеуі моншаға түсіп жатқан кезде жаналғыштар жетіп келіп, арбалетпен атқан...

«Колбаса короліне» қадалған жебе

Арбалет асынған күдіктілер кім? Олар қалай ұсталды? Қылмыскерлердің Қазақстанға қандай қатысы бар?

Қылмыс жасалғаннан кейін көп ұзамай күдікті үш адам ұсталды. Олар: Александр Мавриди, Константин Барский және Паша Ахмедов. Осы үштіктің лидері Александр Мавридидің Қазақстанға қатысы бар боп шықты. Ол туралы сәл кейінірек баяндаймыз, алдымен қылмыстық істің мән-жайы туралы айтайық.

2020 жылы 2 қараша күні бизнесмен В.Маругов азаматтық некедегі әйелі Сабина Газиевамен бірге саяжайындағы моншада терлеп-тепшіп шомылып жатады. Қылмыскерлер саяжай аумағына баспалап кірген де, моншадағы екеуді бас салған.Оқиғаның қалай болғанын Сабина Газиева «Московский комсомолец» басылымына былай баяндапты: «Шабуыл болғанда күйеуіміз екеуміз моншада едік. Бізбен бірге 6 жастағы ұлымыз да шомылған. Ұлымыз шомылып болған соң оны енем – Владимирдің шешесі үйге алып кетті. Біз парға кіріп шыққан соң суық суға бір рет сүңгіп алдым да, қайтадан моншаға кірдім. Демалыс бөлмесіндегі әткеншек-креслоға отырғаным сол еді, бөтен біреулер бөлмеге айқайлап басып кірді.

В.Маругов пен С.Газиева балаларымен. Фото: mk.ru

Екеуі де балаклава (бетті бүркейтін маска – ред.) киіп алған. Біреуі мені жұлқып қалып, екбетімнен түсірді де, жуынатын бөлмеге сүйреп апарды. Осы сәтте Владимир мені қорғау үшін жүгіріп шыққан, алайда екіншісі оны ұрып құлатты. Маған шабуылдаған Ахмедов екен, оны кейін білдім. Ол пышақпен қорқытып, мені байлап тастамақ болды. Қарсыласып едім, соққыға жықты.

Жандалбасалап пышағының жүзінен ұстап алдым, Пышақты жұлқа тартқан кезде саусақтарымның сіңірін қиып түсті. Содан кейін бұрынғыдан да қатты ұра бастады. Енді бір сәтте қанға боялып, сұлап түстім. Олар сонда да мені ұруын тоқтатқан жоқ.

Сәлден кейін Мавриди келді де, менің қол-аяғымды байлауға Ахмедовке көмектесе бастады. Олар маған түсініксіз әлдебір тілде өзара сөйлесіп жатты. Менің қол-аяғымды байлаған соң екеуі жуынатын бөлмеден шығып кетті.

Мавриди мен Ахмедов қайтадан келіп, мені өлтіруі мүмкін екенін ойладым да, жіпті босатуға тырыстым. Денем су араласқан қанға боялып жылпылдап тұрғандықтан болар, аяғымды тұзақтан босатып, күйеуім жатқан бөлмеге кірдім.

Владимир қанға бөгіп, жерде қимылсыз жатыр екен. Қаскөйлер бөлмеде болған жоқ. Жанұшыра айқайлағаныма Владимир үн қатпады. Моншадан тыр-жалаңаш жүгіре шығып, көршінің ауласына секіріп түстім. Сіңірі қиылып қалған саусақтарым 112 нөмірін теруге әрең икемге келді...».

Бизнесменге қастандық жасалған үйдің ауласы.

Қылмыскерлердің ізін суытпай ұстауға Газиеваның жедел соққан қоңырауы сеп болған. Қылмыскерлер деревня аумағынан жедел шығып үлгермепті.

Классикалық жанр бойынша алғашқыда Сабина Газиеваның өзі күдікті ретінде сұраққа алынған. Алайда киллерге қатысы дәлелденбегендіктен, статусы куәгерге ауысқан.

С.Газиеваның өзі бұл қылмысқа В.Маруговтың бұрынғы әйелі Татьяны Титкинаның қатысы бар деп есептейді. Ол бұрынғы күйеуімен дүние-мүлікке таласып, бірнеше рет соттасқан. Сондай-ақ Титкина Ресей жазушылар одағының мүшесі, ақын, бірнеше орден-медальдің иесі екен.

Истра түрмесінен қашу

Биылғы жылдың 6 тамызында Истра қаласының тергеу изоляторынан бес күдікті қашып кетеді. Бұлардың арасында Александр Мавриди де бар. Кезекші түрме есігіндегі алақандай тесікті жабуыды «ұмытып кеткен» де, Мавриди бастаған топ есікті арнайы кілтпен ашып, түрмеден тайып тұрған. Бір қызығы, түрме камераларының ешбірі сол күні істемей қалған.

11 тамызда қашқындардың екеуі ұсталды. Бір күннен соң үшіншісі қолға түсті. Төртінші қашқын камераға өзі оралыпты. Ал А.Мавриди із-түссіз жоқ. Оған бүкілресейлік іздеу жарияланып, із кесушілер елдің түпкір-түпкірін тінтіп жатқанда әккі киллер олардың иегінің астында жүрген екен.

А.Мавриди. Фото: Ресейдің тергеу комитеті.

13 қыркүйек күні Александр Мавриди Мәскеу облысынан ұсталды. Оны анықтауға ақылды камералар көмектескен. Полицейлерге басқа ат айтқанымен, биометрияны алдай алмапты. Тергеуден соң Мавридиді Лобнядағы арнайы изоляторға жөнелткен. Кейбір деректерге қарағанда, бұл изолятордың «өлген адамның өзін сөйлететін қасиеті» бар көрінеді. Солай екені рас болса, Мавриди әлі талайдың артын ашып беруі мүмкін.

Қазақстаннан шыққан із

Александр Мавриди осы күнге дейін бірнеше жалған атпен жасырын жүрген. Мәселен Авилов Александр Николаевич, Прудников Александр Анатольевич және тағы да басқа. Бізге белгілісі осы – Прудников Александр Анатольевич.

2002 жылы кompromat.ru сайтында «Список лидеров и членов преступных группировок. Организованная преступность Казахстана: кто есть кто» деген дерек жарияланды. Мұнда қылмыстық топтар мен олардың жетекшілерінің, топ мүшелерінің аты-жөні бар. Дерекке сенсек, ол кезде «Рыжий Алмаз» қылмыстық тобының бірнеше лидері болған. Кейін қылмыстық топтың тізгіні Оспанова Айгүл Сәулебайқызының қолына өткен. Қылмыс әлемінде ол «Айка», «Бегемот» деген лақап аттармен танымал.

Міне, осы «Айка Бегемоттың» қылмыстық тобы мүшелерінің арасында Прудников Александр Анатольевичтің де аты-жөні бар. Қылмыстық топта оның қызметі қандай болғаны әзірге белгісіз. Қайырымдылықпен айналыспағаны анық енді.

А.Мавриди 1971 жылы 16 қаңтарда Алматыда туған. Ұлты – грек. Оның әке-шешесі, қандай ортада тәрбиеленгені, балалық шағу туралы дерек жоқ. Бізге тек «Рыжий Алмастың қылмыстық тобы» деп аталатын тізімде жүргені ғана белгілі.

Қазір Ресейдің тергеу комитеті Мавридидің Қазақстандағы ізіне де мүқият үңіліп жатқан көрінеді. Кім білсін, «Айка Бегемоттың» адам өлтіргіші бір кездері Қазақстанды да лаңдаған шығар, бәлкім. Біздің елде ашылмай қалған дақпыртты өлімдер қаншама?!   

Тегтер: