Арал теңізі 5-7 жылда тартылуы мүмкін
Арал теңізі алдағы 5-7 жылда тартылып қалуы мүмкін.
Алматы, NEGE. Сырдарияның төменгі сағасындағы егінжайдың болашағы да тіршілік нәріне тікелей қатысты екені түсінікті. Түйіткілді мәселе туралы мамандар мен сарапшылар пікірі қандай? Қазір Кіші Арал теңізінде 22 млрд текше метр су бар. Ол алдыңғы жылдарға қарағанда 5 млрд текше метрге азайған. Тек былтырғы жылдың ішінде су тапшылығынан Қамбаш көлі жағалаудан 250-300 метрге дейін қашықтап кетті. Бүгінде теңіз маңындағы көлдерді сақтап қалу мәселесі де өзекті күйде. Жергілікті атқарушы билік қолдан келер шаралардың тиімді тұстарын қарастырып жатыр. Тіпті Сырдария өзеніне тағы бір тоспа салынуы мүмкін.
18 мың гектарды құрайтын көлді су сорғы құрылғыларымен суландыру мүмкін бе? Оның шығыны қанша? Бұл әлі басы ашық сұрақтар. Кіші Арал теңізімен қатар көлдер жүйесі мен егін алқаптарына нәр беретін Сырдарияның деңгейі трансшекаралық мәселелерге де тікелей байланысты. Осыдан 17 жыл бұрын қабылданған еліміздегі Су ресурстарын басқару заңы қазіргі талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан да суды пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы жасалып, ол тек суға қажеттілікті реттеп қоймай, су нысандарымен байланысты табиғи экожүйелерді сақтап, суды үнемдеуге ынталандыру үшін тұтыну саласындағы тарифтерді қайта қарап, озық технологияларды енгізуге мұрындық болуы тиіс.
Кіші Аралдың осы деңгейін ұстап тұру үшін Сырдария өзені арқылы теңізге кемінде жылына 2 млрд текше метр су түсу керек, тек қана күріш және басқа да егістігіне 4,2 млрд текше метр су жұмсалады.