«Әр баладан 200 мың теңгеден жинап жатыр»: алматылық ана Президентке шағымданды

Алматылық көпбалалы ана түлектердің бітіру кешіне қомақты қаржы жинап жатқанына шағымданып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады.

gov.kz

Астана, NEGE. Видеоүндеу Telegram-дағы Kozachkov_offside арнасында жарияланды.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен сізге көпбалалы ана ретінде жүгініп отырмын. Биыл балам Алматы қаласындағы жалпы білім беретін мектепті бітіреді. Мен де жыл сайын түлектердің ата-аналары тап болатын жағдаймен бетпе-бет келіп отырмын. Біздің мектепте әр баладан 200 мың теңгеден, тіпті одан да көп ақша жиналуда. Жалпы білім беретін мектеп үшін бұл – өте қомақты сома, әрі оны кез келген отбасының төлеуге шамасы келе бермейді», – дейді жас түлектің анасы.

Ата-ана шығын сметасына күмән келтіреді. Оның мәлімдеуінше, жиналып жатқан қаржының едәуір бөлігі балаларға қажет емес.

Өзін 30 жылдық тәжірибесі бар қаржыгер ретінде таныстырған ана бітіру кешіне есептелген шығындарды мұқият зерделеп, мектеп әкімшілігі мен білім басқармасына кеш өткізудің баламалы нұсқасын ұсынған. Алайда мектеп ол ұсынысты мүлде қарастырмаған. 

«Оны (ұсынысты – ред.) мектептің басқа сыныптарына ұсынуды қажет деп те таппады. Соның салдарынан өзге сыныптардағы 100-ге жуық ата-ана бітіру кешін өткізудің қолжетімді әрі сапалы нұсқасы бар екенін бейхабар», – дейді Президентке көмек сұрап жүгінген ана.

Сондай-ақ, бұл проблема жыл сайын қайталанып отыратынын алға тартады.

Ата-ана бітіру кешіне жиналып жатқан қаражатқа қатысты шағымын жеткізгенде әрдайым «балаңызды ойлаңыз» деген жауап алатын көрінеді.

«Мен дәл соны істеп жүрмін. Өйткені біздің балалар, әсіресе жалпы білім беретін мектептерде, ақша жинаудың ашық емес әрі жауапсыз тәсілдері қалыпты жағдай екеніне бой үйретпеуі керек деп есептеймін», – дейді ол.

Түлектің анасы балаларға арнап мектеп бітіру кешін ұйымдастыруға қарсы емес екенін жеткізеді. Бірақ, оның пікірінше, мектепте балалар мен ата-аналарға қысым көрсетуге болмайды. Сондай-ақ жалпы білім беретін мектептерде мерекелерге жұмсалатын шығындар орынды әрі ақылға қонымды болуы тиіс деп есептейді.

«Білім басқармасындағылар ақша жинауға мектептің қатысы жоқ дегенімен, іс жүзінде ақша дәл мектеп қабырғасында және мектеп чаттарында, сынып чаттарында жиналады. Сондықтан логикалық тұрғыдан да, мәні жағынан да мектептің бұл іске тікелей қатысы бар», – дейді ата-ана.

Сөз соңында алматылық ана Президенттен соңғы инстанция ретінде қала мектептерінде тәртіп орнатуға ықпал етуін өтінеді.

Қазір оқып жатыр

Олжас Бектенов орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің дайындығын тексерді

Тоқаев боксшы Дина Исламбекова мен Надежда Рябецті жеңісімен құттықтады

Түркістан облысында тұрғындар Қызыл кітапқа енген қызғалдақты көлікпен таптаған

Туризм министрлігі АҚШ-тан арнайы шақырған қонағын қарсы алуды ұмытып кеткен