AQR банктерді абыройдан айыруы мүмкін
Банк секторының 87 пайызын қамтитын 14 ірі банкке жүргізіліп жатқан кешенді тексеру (AQR) нәтижелері көңіл көншітпеуі ғажап емес. Себебі, инсайдерлік ақпарат бойынша, елдің бірнеше банкінде жағдай өте нашар.
Осының алдында Reuters "кем дегенде 4 банкке мемлекеттің1 миллиард доллар көмегі қажет" деп жазса, біздің сенімді ақпарат көздеріміз шын мәнінде көрсетілетін қолдау сомасы одан он есе көп болу ықтималдығын айтады. Және қаржылай көмектің 80 пайызы елдегі ең ірі, жүйелік банктің бірін құтқару үшін жұмсалмақ.
Тақырыпқа орай: AQR банктердің артын ашады
Қазір Нұр-Сұлтанның сол жағалауында отырғандар AQR нәтижесімен бөлісуге асықпайды. Бірақ Президент Тоқаевтың сәуірдегі отырыста берген тапсырмасына сәйкес, кешенді тексерудің қортындылары жалпақ жұртқа жариялануы керек. Сонда да, халықтың жаңа жыл алдындағы көңіл-күйін бұзбау мақсатында, AQR нәтижелері тек мейрамнан кейін, ықшамдалып, жұмырланған қалпында жарық көруі мүмкін.
Фото: prodengi.kz
AQR - банк секторының қаржылық тұрақтылығын шынайы анықтау үшін бүкіл әлем бойынша қолданылатын әдіс. Қысқаша айтқанда, банктердің капиталға қажеттілігін анықтап, портфельдің сапасын бағалап, несиелеу тәжірибесін талдауға жол ашатын диагностика.
Бағалаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін тексеруді Ұлттық Банк халықаралық кеңесшілермен және тәуелсіз аудиторлық компаниялармен бірге жүргізіп отыр. Тексеру әдістемесі Еуропа Орталық банкінен алынған. AQR Қазақстандағы банк секторына қандай диагноз қойғанын білу үшін бірнеше күн күтуге тура келеді.
Nege.kz