28 июня 2025 г. 17:57

Анна Данилина қатарынан төртінші рет финалға шықты

Фото: Olympic.kz
Қазақстандық теннисші Анна Данилина чехиялық Мария Боузкова бірге жұптық сында Ұлыбританияның Истбурн қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің финалына шықты.

Алматы, NEGE. Жартылай финалда қазақстандық-чехиялық дуэт ұлыбританиялық Хэрриет Дарт пен Майя Люмсденді 2:6, 7:5, 11:9 есебімен жеңді.

Олар енді финалда аустралиялық-тайваньдық Майя Джойнт пен Се Шувэй жұбымен кездеседі.

Айта кетейік, бұл – Данилина үшін кейінгі бір ай ішіндегі қатарынан төртінші финал. Ол әр финалға әртүрлі серіктеспен шықты: сербиялық Александра Круничпен «Ролан Гаррос» турнирінің, ресейлік Диана Шнайдермен Лондонда өткен турнирдің, ал жапониялық Эна Шибахарамен Ноттингем турнирінің финалына дейін жетті.

Еске салайық, 30 маусым мен 13 шілде аралығында Ұлыбританияның Лондон қаласында ең беделді «Үлкен дулыға» турнирі болып саналатын Уимблдон жарысы өтеді.