«Анасын таңдады»: Шавкат Рахмоновтың жұбайы ажырасуға не себеп болғанын айтты

ММА шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова журналист Руслан Өтепбайға арнайы сұхбат беріп, қазіргі уақытта ерлі-зайыпты арасында заңды ажырасу процесі жүріп жатқанын мәлімдеді.

Видеодан скрин/youtube/ Тәуелсіз бағдарлама

Астана, NEGE. Гүлайым Рахмонованың айтуынша, он жылдай бір шаңырақ астында тұрған ерлі-зайыпты арасындағы ұрыс-керіс қоғамда кеңінен талқыланған жол апатына дейін басталған. Оған ене мен келін арасындағы дау мен дүние-мүлік себеп болған.

«Ұрыс-керіске Шавкаттың анасы екеуміздің арамыздағы келіспеушілік түрткі болды. "Сенің әйелің құтырды, жоқ кезде жақсы еді, бар кезде жаман болып кетті, маған қызмет етпейді" деген әңгімелер айтылды», – дейді ол.

Ал 2025 жылғы сәуір айында отбасы Дубайға саяхаттап келген соң спортшы жұбайынан неке шартына отыруды талап ете бастаған.

«Басында "Менің атымда ештеңе жоқ қой" деп күліп, бұған мән берген жоқпын. "Онда сен маған бизнес ашып бер, біз тұрып жатқан үйді бер, сонда неке келісімшартына отырайық. Менен қорқасың ба? Қорықсаң, неге менімен өмір сүріп жүрсің, неге сонша бала дүниеге келді?" дедім. Бір жағынан, мүмкін, анасының, бауырларының арасында "Ертең ажырассаң, сенің дүниеңе таласады" деген әңгіме болған шығар деп ойладым. "Олай болса, құлағым тыныш болсын, егер Шавкат мені дүние үшін жүрген адам деп ойласа, неке шартын жазып берейін деп", неке шартына қол қойдым», – дейді Гүлайым Рахмонова.

Оның сөзінше, алғаш үйленген кезде екеуінің де дүние-мүлкі де, баспанасы болмаған. Ерлі-зайыпты Көкшетаудағы алғашқы пәтерін балалы болып, Шавкат Рахмонов UFC-мен келісімшартқа отырып, тасы өрге домалай бастағанда сатып алған. Ал отбасы Алматыға көшіп келгенде Алидар Өтемұратов пәтер сыйлаған. Оны, Гүлайым Рахмонованың айтуынша, Шавкат Рахмонов анасының атына жазып қойған. Ал қазір келіншектің төрт баласымен тұрып жатқан төрт бөлмелі пәтерді Президент тарту еткен екен. Ол пәтер спортшының өз атына жазылған. Рахмонова спортшының басқа да дүние-мүлкін бауырларының атына жазып қойғанын айтады.

«Егер Шавкат тапқан табысын, дүние-мүлкін бауырларына, анасына жазатын болса, біздің жеке өмірімізге араласпайды деп ойладым», – дейді ол.

Неке шартында дүние-мүлік кімнің атында болса, ажырасқан соң сол дүние-мүлік соның атында қалатыны айтылған. Әйелінің атында жол апатына түскен Toyota Land Cruiser көлігі ғана болған. Қазір бесінші баласына аяғы ауыр келіншек жұбайынан екі пәтерді өзінің не балаларының атына жазып беруін талап етеді.

«Шавкат жақсы жар, жақсы әке болды. Ол туралы жаман сөз айта алмаймын. Жетістікке өзінің адал еңбегімен, маңдай терімен жетті. Қазіргі қоғамда ер адам бәрібір өз анасын таңдайды. Шавкат өз анасын таңдады, мен қарсылық білдірген жоқпын. Бірақ балаларыма тиесілі несібесін берсін», – дейді Гүлайым Рахмонова.

Еске салсақ, 2025 жылы 27 шілде таңертең Алматы – Екатеринбург тасжолының 299-шақырымында жантүршігерлік жол-көлік апаты болды. Апатқа түскен Toyota Land Cruiser 200 көлігінің рөлінде Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова болғаны айтылды. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, Рахмоновтың жұбайы мен ұлы ауруханаға түсті.

Жол-көлік оқиғасына байланысты сот Гүлайым Рахмоноваға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда сотталушының төрт кішкентай баласы бар екені ескеріліп, негізгі жазаның орындалу мерзімі 5 жылға шегерілді.

Қазір оқып жатыр

Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот үкімі өзгеріссіз қалды

Тоқаев Мадьярды сайлаудағы жеңісімен құттықтады

«Машалла», «иншалла» сөздерін қолдану қаншалықты орынды?

«Жаңбыр жауса, жылаймыз»: Таразда екі жүздей тұрғын шатыры шұрық тесік үйде тұруға мәжбүр