«Анархия орнайды деп ойламаймын»: Депутат бизнесті тексеруге мораторий енгізуге қатысты пікір білдірді
Құрылтай депутаты Олжас Нұралдинов шағын бизнесті тексеруге үш жылға мораторий енгізу бастамасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексіне бейімделуге мүмкіндік бермек.
Астана, NEGE. Бүгін Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және микробизнесті тексеруге үш жылға мораторий жариялауды ұсынған болатын.
Депутаттың сөзінше, бұл бастаманы өзі мүше «Ақ жол» партиясы бұған дейін де көтерген. Нұралдинов мораторий кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексіне бейімделуге және салық заңнамасындағы кемшіліктерді қайта қарауға мүмкіндік береді деп есептейді.
«Осыдан екі-үш жыл бұрын Мәжілісте осы тақырыпты көтергенбіз. Енді бұл бастама Президенттің тарапынан айтылғаннан кейін, оның күшіне енетініне нақты сенеміз», – деді Олжас Нұралдинов.
Депутаттың пікірінше, жаңа Салық кодексін кәсіпкерлерге түсінікті әрі қолайлы ету үшін оның жекелеген нормаларын қайта талқылау қажет. Ол құжаттың кемшіліктерін түзетуге мүмкіндік бар екенін атап өтті.
«Президент айтқандай, Салық кодексі – киелі кітап емес. Оның жақсы жақтарын қалдырып, кемшіліктерін қайта талқылауға мүмкіндік беріліп отыр. Жылдың аяғына дейін депутаттар да, Үкімет те өз ұсыныстарын енгізіп, салық кодексін қайта қарап, кәсіпкерлер мен халыққа тиімді етіп шығару керек», – деді депутат.
Мораторий кезінде бақылау тоқтай ма?
Депутаттың айтуынша, цифрлық бақылау құралдарының дамуы қаржы операцияларын қадағалауға мүмкіндік беретіндіктен, мораторий кезінде бизнестегі заңбұзушылықтардың болуы екіталай.
«Қазір мемлекеттен бөлек, халықтың өзі де кәсіпкерлердің қызметін бағалайды. Мысалы, кафенің немесе басқа мекеменің қызмет көрсету сапасы нашар болса, адамдар оған бармайды. Оған қоса, соңғы екі жылда цифрландыру жүйесі айтарлықтай дамыды. Қазір қаржының қайда және кімге аударылып жатқаны банктер мен салық органдарының жүйелерінде көрініп тұрады. Сол себепті мұндай қауіп-қатер туындайды деп ойламаймын», – деді ол.
Сондай-ақ депутат өрт және санитарлық қауіпсіздік талаптарын тексеру тәртібіне де тоқталды.
«Мораторий енгізілсе, ештеңе тексерілмейді, ешқандай бақылау болмайды, елде анархия орнайды деп айтуға болмайды», – деді депутат.
Оның айтуынша, мораторийдің нақты ережелері мен бақылау тетіктері әлі де талқылануы мүмкін.