Amanat партиясының депутаты Башинская Түркия мен Зеленский туралы пікірінен кейін мандатынан бас тартты

Алматы қаласы мәслихатының VIII шақырылымдағы Аманат партиясының депутаты Анна Башинская мандатынан бас тартатынын мәлімдеді.

Алматы, NEGE. "Мен өз әрекетіммен еліміздің бейбіт саясатына көлеңке түсіргім келмейді. Осы күндері мен көп ойландым және менің әрекетімді айыптағандардың барлығын түсіндім. Бүгінгі қиын оқиғаларға байланысты менің пікірім орынсыз болғанын тағы да атап өткім келеді. Осы орайда мен партияның ресми ұстанымымен толықтай қосыламын. Мен өзімнің жеке жауапкершілігімді сезіне отырып, депутаттық өкілеттігімді тоқтату туралы шешім қабылдадым. Барша отандастарым мен партияластарымнан жіберілген қателігім үшін шын жүректен кешірім сұраймын", - деп жазды Башинская Facebook парақшасында. 

Бұқаралық ақпарат құралдарының бірінің жазбасына жазған түсініктемесінде ол: "Одан да Түркияға, Зеленский мырза! Ол жақта жыл он екі ай күн жылы" деп жазған еді.

Amanat партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров депутат Анна Башинскаяның жазған пікіріне түсініктеме берген болатын. 

"Анна Башинскаяның бұл пікірі партияның көзқарасын білдірмейді. Amanat партиясы өзге елдердің саясатына араласпайды", – деп жазды Станислав Канкуров.