AMANAT-тың алдағы сайлау науқанына дайындығы қандай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы тамызда бір палаталы Құрылтай сайлауы өтетінін мәлімдеп, партиялар сайлау науқанына алдын ала дайындалуы үшін бұл жаңалықтың ерте хабарланып отырғанын айтты. Осы орайда NEGE редакциясы AMANAT партиясына алдағы сайлауға дайындығы және саяси жоспарын білу үшін арнайы сауал жолдады.

AMANAT

Астана, NEGE. AMANAT өкілдері партия Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып, Мемлекет басшысы айқындаған реформаларды іске асыруға және азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастырып келе жатқанын атап өткен.

Алайда AMANAT партиясының Қазақстан бойынша қанша мүшесі бар екені және соңғы бір жылда қанша адам қабылданып, қанша адамның шығарылғаны туралы сауалымызға нақты жауап ала алмадық. Бұл сұраққа партиядағылар мүшелер базасы тұрақты түрде жаңартылып отыратынын, тиісті статистикалық мәліметтер партияның ішкі есептік жүйелерінде қалыптастырылатынын айтып жауап берген.

Сондай-ақ AMANAT партиясы 2026 жылғы Құрылтай сайлауына қандай форматта қатысуды жоспарлап отырғаны, кандидаттарды іріктеу тәртібін қашан және қалай жариялайтыны туралы сұрағымызға да мардымды жауап ала алмадық.

«Алдағы сайлау науқанына қатысты партияның ұстанымдары, кандидаттарды іріктеу тетіктері, сайлауалды бағдарламасы және өзге де саяси шешімдері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес партияның уәкілетті органдары қабылдағаннан кейін ресми ақпараттық ресурстар арқылы жарияланады», – делінген партия жауабында.

Бұған қоса партияға қатысты барлық стратегиялық шешім қоғамдық сұраныс пен елдің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын ескере отырып қабылданатыны айтылған.

Қосымша ақпарат партияның ресми интернет-ресурстары мен ақпараттық алаңдарында жарияланатыны атап өтілген.

Айта кетейік, бұған дейін «AMANAT пен жаңа құрылған "Әділет" партиясы бірігеді» деген ақпарат шыққан еді. Әзірге бұл жөнінде ресми мәлімет берілген жоқ. Бұл жұмбақтың түйіні 12 маусымда өтетін Amanat партиясының XXVI съезі мен 14 маусымдағы «Әділеттің» екінші съезінен кейін тарқатылатын сыңайлы.