AMANAT «Әділет» партиясына қосылады

«AMANAT» партиясы «Әділет» партиясына қосылады. Бірқатар депутат партияларды біріктіру бастамасын қолдады.

NEGE

Астана, NEGE. Бүгін Астанада «AMANAT» партиясының кезекті XXVI съезі өтті. Съезде Парламент Мәжілісінің және партияның төрағасы Ерлан Қошанов осындай маңызды саяси кезеңде жаңа партиямен бірігу мемлекет мүддесіне сай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, екі партияның да мақсаты бір – Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру.

«Біздің партия әрдайым «Өзгеріс өзімізден басталады» қағидатын ұстанып келеді. Сондықтан біз бүгін де уақыт талабына, мемлекеттің мүддесіне және қоғамның сұранысына сай келетін қадам жасауымыз керек. Бүгін елімізге жаңа бөліну шептері емес, жаңа бірігу нүктелері қажет. Осындай жауапты кезеңде біз жаңа саяси партия – «Әділет» партиясымен бірігіп, ресурстарымызды жұмылдыруымыз қажет», – деді Қошанов.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов AMANAT пен «Әділет» партияларының бірігуіне қатысты өз пікірін білдірді. Депутаттың айтуынша, екі партияның құндылықтары мен мақсат-мүдделері бір. Сондай-ақ, осыған дейін көтерген бастамалары мен заң жобалары да үндеседі.

«Егер Қазақстандағы екі партияның мақсат-мүддесі, құндылықтары мен көзқарастары бір болса, екеуі де «Әділетті Қазақстанды», Президенттің жалпы саясатын қолдайтын партиялар болса, неге олар бөлек партия ретінде жұмыс істеуі керек? Екеуі де центристік партиялар болғандықтан, әрі қарай бір тудың астында жұмыс істейтіні логикалық тұрғыда түсінікті деп ойлаймын», – деді депутат.

Аймағамбетовтің сөзінше, Мәжілісте партияның жұмысы әрі қарай да жалғаса береді. Депутаттар күн тәртібіндегі мәселелермен айналысып, бірнеше заң жобаларын қарастырады.

«Әділет» – жаңа Конституция қабылданғаннан кейін құрылған жаңа партия. Төрағасы – Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысы Айбек Дәдебаев.

«AMANAT» партиясы – парламенттік көпшілікке ие саяси партия. 1999 жылы «Отан» партиясы ретінде құрылып, кейін «Нұр Отан» атауымен белгілі болды. Бұрынғы төрағасы – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев. 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін партияның атауы AMANAT болып өзгертіліп, ал Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов оның төрағасы қызметін атқарып келді.