AMANAT партиясы «Әділет» партиясының құрамына қосылды

Бүгін Астанада «Әділет» партиясының II съезі өтті. Онда AMANAT партиясының жаңа саяси ұйымның құрамына қосылуы мәселесі қаралды. Съезге партия делегаттары, қоғамдық және кәсіби бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ AMANAT партиясының мүшелері қатысты.

Әділет партиясы

Астана, NEGE. Съезд барысында «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай екі саяси күштің бірігуін партиялық мүддеден жоғары тұратын, ұлттық жауапкершілікке негізделген шешім деп бағалады.

«Біз азаматтардың сенімін ақтауға, әділдікті мемлекеттік жүйе мен дамудың тұғырына, қажет десеңіздер, ұлттық болмысқа айналдыруымыз тиіс. Осы мақсат үшін «Әділет» партиясы құрылды. Осы мақсатты ортақ бөлісетін күштерді қатарымызға қабылдауға, құшақ жая қарсы алуға дайынбыз. Сондықтан съезд делегаттарын, партия мүшелерін және барша әріптестерімізді AMANAT партиясының «Әділет» партиясына қосылу ниетін қолдауға шақырамын», – деді ол.

Өз кезегінде AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бұл қадамның ел бірлігі мен болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.

«Бұл – ұлттың бірлігі мен болашағы үшін жасалған қадам. Осы арқылы біз мақсат-міндеттеріміздің, мүдделеріміз бен құндылықтарымыздың бір екенін көрсетіп отырмыз. Осы арқылы қоғамның береке-бірлігін нығайтып, азаматтарды реформалар жолындағы бастамалар төңірегіне топтастыра, ұйыстыра түсеміз. Сондықтан аталған шешімді қолдауларыңызды сұраймын», – деді ол.

Дауыс беру қорытындысы бойынша съезге қатысқан 613 делегаттың барлығы партиялардың бірігуін қолдады. Осылайша, соңғы 27 жыл бойы елдегі негізгі саяси күштердің бірі болған AMANAT партиясы «Әділет» партиясының құрамына ресми түрде қабылданды.