Amanat Drive қаржы пирамидасының басшысы 8 жылға сотталды

Алматы облысында Amanat Drive қаржы пирамидасы басшыларына қатысты сот процесі аяқталды. ҚМА мәліметінше, Amanat Drive қаржы пирамидасына 8 мыңға жуық салымшы 21 млрд теңгеден астам қаржы салған.

youtube/ADYRNA ULTTYQ PORTALY

Астана, NEGE. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді пайызсыз және кейін бөліп төлеу мүмкіндігімен сатып алуды ұсынған.

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін «Алло, не керек» ЖШС, «I M@RKETING» ЖШС, «Gold SapaPremium» ЖШС қолданылған. Көп деңгейлі схема осы компаниялар арқылы іске асырылған, яғни олар жарнама қызметін, жылжымайтын мүлік пен көлік нарығындағы талдау жасау және болжау сияқты қызметтердің жалған жеткізушілері ретінде әрекет еткен. 

Жалған келісімшарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Тартылған қаражат есебінен сотталғандар 2 пәтер мен Lexus маркалы 3 автокөлік сатып алып, оны тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді адамдардың атына рәсімдеген. Сот бұл мүліктерді мемлекет кірісіне тәркіледі.

«К. Шүкен кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды, ал М. Үрәтбек 1 жылға бас бостандығынан айырылды», – деп хабарлады ҚМА өкілдері.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.