Алтынбек Сәрсенбайұлы – 60. Ұлттық кітапханада халықаралық ғылыми конференция өтті
Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының 60 жылдық мерейтойына орай халықаралық ғылыми конференция өтті.
Ғылыми конференцияға алыс-жақын шетелдерден: Түркиядан, Мажарстаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, басқа да елдерден ғалымдар қатысып, қайраткердің күрескерлік ғұмыры туралы баяндама жасады.
А.Сәрсенбайұлының ұстазы, белгілі ғалым Намазалы Омашев: «Алтынбек менің шәкіртім екені рас. Бірақ Алтекеңді «шәкіртім еді» деп айта алмаймын. Өйткені Алтынбектің тұлғасы биік, ол күрескерлік ғұмырымен де, қазасымен де ұлтты тәрбиелеп кетті», – деді.
Конференцияны белгілі журналист, ұстаз Сағатбек Медеубекұлы жүргізді. Жиынға жазушы Смағұл Елубай, ғалым Бүркіт Аяған, журналист Батық Мәжитұлы, тағы да басқа қайраткерлер қатысып, сөз сөйледі.
Конференция барысында А.Сәрсенбайұлын еске алуға арналған эссе жанрындағы шығармалар конкурсының нәтижесі жарияланды. Бірінші орынды жас журналист Нұрлайым Батыр иеленді. Оның «Ана тілі» газетінде жарияланған «Бас имегендер басқа жолмен жүреді» деп аталатын мақаласы үздік деп танылды. Екінші орын «Процесс» деп аталатын эссесі үшін NEGE порталының бас редакторы Ерік Рахымға бұйырды. Үшінші орынды журналистер Серікжан Қажи мен Ақгүл Айдарбекқызы бөлісті.
Ғылыми конференциядан соң Алтынбек Сәрсенбайұлына арналып ас берілді. Ас дастарханында жазушы Бексұлтан Нұржеке естелік айтып, ақын Темірхан Медетбек өлең оқыды, саясаткерлер Төлеген Жүкеев, Ғалымжан Жақиянов, Болат Әбілев, Ораз Жандосов қайраткердің саяси мұрасы туралы ой толғады.
Ал кешке «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға арналған кеш пен танымал фотограф Асылхан Әбдірайымұлының А.Сәрсенбайұлына арналған фотокөрмесі өтеді.