22 октября 2022 г. 16:28

«Алтын орда» базары жанындағы жолды жөндеу жұмыстары 95%-ға аяқталды

Фото:

«Алтын орда» базары маңындағы Алматы-Бішкек учаскесінде жолды кеңейту бойынша күрделі жөндеу жұмыстары 95%-ға аяқталды. Бұл туралы ҚазАвтоЖол Басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев айтты.

Алматы, NEGE. «Қазіргі уақытта «Алтын Орда» жобасы 95%-ға аяқталды. Негізгі бағыттар бойынша барлық жұмыстар орындалды. Жол 8-ден 10 жолаққа дейін кеңейтілді. Сонымен қатар, басты магистральдық эстакаданың, «таға» түріндегі бұрылу эстакадасының және де Ақсай өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Жол бойында жарық шамдары орнатылды. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үш жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Мердігер ұйым қиыршық тас мастикалық асфальтобетон жабынының жоғарғы қабатын төсеу жұмыстарын аяқтап, қоршаулар мен жол белгілерін орнатып, жол таңбаларын сызуда», - деді Мейірхат Қасымбаев.

Еске салсақ, бұған дейін Алтын Орда базары жанындағы жол жөндеу жұмыстарының 85 пайызы аяқталған болатын.

Сонымен қатар, «Алтын орда» базары маңындағы «Алматы-Райымбек» учаскесінде жаңа бас магистральдық эстакада былтырғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Автожол учаскесінде басты магистральдық эстакада, «таға» үлгісіндегі бұрылыс эстакадасы, Ақсай өзені арқылы өтетін көпір және жерүсті жаяу жүргіншілер көпірі салынды.Сонымен қатар, транзиттік, қоғамдық және жергілікті көліктер үшін 4 шақырымдық инженерлік коммуникациялар қайта орнатылып, 10 жолақты жол салынды. Жобаға 200-ден астам жұмысшы мен 50 техника, оның ішінде монолитті аралық құрылыс жұмыстарын қамтуға арналған күрделі жабдықтар тартылды.

«Алтын орда», «Барлық» базары мен «Молл Апорт» сауда - ойын-сауық орталығының орналасқан жерін ескерсек, эстакадада қозғалыстың ашылуы жол учаскесінің өткізу қабілетін арттырып, халыққа қолайлы жағдай жасайды.

Бұған дейін «нысандағы жұмыстарды толық аяқтау 2022 жылға жоспарланған», - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» компаниясының баспасөз қызметі.

Тегтер: