«Алтын Орда» базарында компаниялар өнімдерін 86 пайызға дейін үстеме бағамен сатқан

Сауда және интеграция министрлігі «Алтын Орда» базарында жүргізілген жоспардан тыс тексеру қорытындысын жариялады.

gov.kz

Астана, NEGE. 13 сауда субъектісін тексеру нәтижесінде азық-түлік бағасының өсуіне әсер еткен 7 тиімсіз делдалдың қызметі тоқтатылған.

Атап айтқанда, «Омаров» ЖК, «Iceberg Distribution» ЖШС және «Ар Диас» ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағада сатып алып, оларды басқа сауда субъектілеріне 17%-дан 86%-ға дейінгі негізсіз сауда үстемесімен қайта сатқан.

«Бұл фактілер бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, заңнама талаптарын бұзған субъектілерге айыппұл салынды», – делінген ведомство хабарламасында.

Жалпы жыл басынан бері 171 сауда субъектісіне қатысты 643 әкімшілік хаттама толтырылған, оларға жалпы сомасы 3,4 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Оның ішінде 467 хаттама әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін көтерген, ал 176-сы сауда қызметі туралы заңнама талаптарын бұзған.

Сондай-ақ жыл басынан бері тексеру барысында бір сауда желісі, бір көтерме сауда орны және 11 сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 40%-дан 203,8%-ға дейін негізсіз үстеме қосқаны анықталған.