Алты адам қаза тапқан Aqtogai Milk-тегі қайғылы жайтты тексеру қорытындысы жарияланды
Еңбек министрлігі Павлодар облысындағы «Aqtogai Milk» ЖШС-да алты жұмысшының қаза болуына әкеп соққан жазатайым оқиғаны тексеру аяқталғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, жұмысшылардың бірі кәріз құдығында күкіртсутегінен уланған. Оған көмек көрсетпек болған басқа жұмысшылар да құдыққа кезекпен түскен. Салдарынан бір-бірін құтқармақ болған алты жұмысшы да күкіртсутегі әсерінен қаза тапқан.
«Комиссия жұмысшылардың қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау бойынша тиісті оқудан өтпегенін және қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмегенін анықтады», – делінген министрлік хабарламасында.
Бұған қоса, кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде, соның ішінде авариялық жағдай туындағанда және құтқару жұмыстарын жүргізу барысында қауіпсіздік шаралары тиісті деңгейде қамтамасыз етілмегені анықталды.
«Үкіметтік комиссияның жұмысының қорытындысы бойынша жұмыс беруші – "Aqtogai Milk" ЖШС-нің кінәсі 100 пайыз деп танылды. Арнайы тексеру нәтижесінде жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайлары айқындалып, жауапты лауазымды тұлғалар анықталды», – деп хабарлады Еңбек министрлігі.
Айта кетейік, «Aqtogai Milk» компаниясының иесі – Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев. Іске қатысты үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.