Альмираның қатысы жоқ: Ақан Сатаев әйелімен не себепті ажырасқанын айтты
Қазақстандық режиссер Ақан Сатаев бұрынғы жары Назира Бақаеваның Qysqa Söz жобасына берген сұхбатында ерлі-зайыптының ажырасып кетуіне «актриса Альмира Тұрсын себеп болды деген» мәлімдемесін жоққа шығарды.
Астана, NEGE. Ақан Сатаев отбасындағы жағдайдың мән-жайын әлеуметтік желідегі жеке парақшасында баяндаған. Оның жазуынша, бұрынғы жұбайының мәлімдемесі өзі үшін күтпеген жағдай болған.
«Біздің ажырасуымыздың себептері тек Назира екеуміздің жеке келіспеушіліктеріміз бен қарым-қатынасымызға байланысты болды. Басқа кісілер ажырасуға себеп те, сылтау да болған жоқ.
Ажырасуға дейін де, ажырасу процесінде де, одан кейін де Назира ажырасудың себебі ретінде басқа бір адамды, соның ішінде Альмираны атаған емес. Қазіргі мәлімдемелер мен үшін күтпеген жағдай болды және олар қоғамдық пікірді манипуляциялау әрекеті сияқты көрінеді. Оның үстіне, Назира бұл сұхбатында біздің қарым-қатынасымыздағы келіспеушіліктер 2016 жылдан басталғанын, яғни "Томирис" фильмі түсірілуінен әлдеқайда бұрын болғанын өзі де айтып отыр», – деп жазады Ақан Сатаев.
Оның мәлімдеуінше, Назира Бақаевамен ажырасқаннан кейін төрт жыл өткен соң ғана актриса Альмира Тұрсынмен ресми түрде некелескен.
«Бұл шешім балаларымыз бен жақындарымыздың келісімімен қабылданды.
Мен Назираның таңдауы бойынша үш бөлмелі пәтер сатып алып, оны оның жекеменшігіне бердім, автокөлікті қалдырдым, сондай-ақ қаржылай қолдау көрсетіп келемін», – деп жазды ол.
Режиссердің сөзінше, балалары әкесімен тұруды қалаған. Альмира Тұрсын ұлымен бірге Ақан Сатаевтың үйіне көшіп келген.