Алмаз Шарман «қорқынышты болжамын» НЕГЕ сүйеніп айтты? Мамандар пікірі.
Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман наурыздың басында елімізде коронавирус жұқтырғандар саны шарықтау шегіне жетеді деп отыр. Ғалым бұл болжамды Вашингтон университетінің медициналық метрика және бағалау институтының (IHME) коронавирустық инфекциясы туралы мәліметтерге сүйене отырып айтқанын ескертеді. Алайда, вирус жұқтырудың салдары 2020 жылдың жаз мезгіліндегідей аса ауыр болмайтынын да қаперге салды.
«Вирус жұқтырғандар саны өткен жылдың жаз мезгіліне қарағанда 45 пайызға төмен болады» деген профессор Алмаз Шарман қазақстандықтардан сақтық шараларын ұмытпауды сұрады.
«Алдағы айларда абай болыңыз: маска тағып, арақашықтықты сақтап, адам көп жүретін жерлерге бармаңыз, жақсы ұйықтап, дұрыс тамақтанып, физикалық тұрғыда белсенді болыңыз», – деді профессор.
Бұл тұрғыда мамандар не дейді?
Жақсылық Досқалиев, Денсаулық сақтау экс-министрі:
Вирустың мутацияланған түрі бізге келуі мүмкін
– Кеше бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов «Бізде қазір вирустың екінші толқыны жүріп жатыр» деді. Толқын көтеріледі, ол қайта түседі. Егер күндегі вирус жұқтырғандардың санына қарасақ, ол азайып жатқан жоқ. Керісінше, көбеюде. Бәлкім, Алмаз Шарман соны айтқысы келген шығар. Мұны математикалық моделмен есептейді ғой. Мысалы, 2020 жылдың қараша айынан бері қарай короновирус жұқтырғандар саны күн сайын артып жатыр. Не болса да, бұл – қауіпті инфекция.
Ұлыбританияда оның мутацияланған басқа түрі шықты. Бүкіл Еуропаны жайлап барады. Біз бір жер шарында өмір сүріп жатырмыз. Бұл вирус айналып бізге де келуі әбден мүмкін. Бұған қарсы дәрі де, екпе де дайындалып үлгермей жатыр. Кез келген қауіпті инфекцияның алдын алу керек. Әр адам гигиенадық тазалықты сақтауды ұмытпауы керек. Екінші, оқшауланған жөн. Той-думанды қоя тұрған дұрыс. Бір науқас кем дегенде 20 адамға жұқтырады. Жазда ауырдым. Өкпемнің 64 пайызы зақымданды. Менде антидене керекті мөлшерде бар. Ол азайып кетсе, міндетті түрде екпе салдырамын.
Мыңжылқы Бердіқожаев, нейрохирург:
Вирус алдағы екі-үш апта ішінде шамадан тыс тарап кетуі ғажап емес
– Профессор Алмас Шарманның болжамын көрдім. Бірақ ол пікірінде халықты әлі де болса сақтану шаралын ұстануға шақырған. 2 наурызда коронавирус жұқтырудың жоғары көрсеткіші тіркелуі мүмкін деді. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, ақпан айында екпе салу басталмақ. Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов жаңа жылдық мереке, сайлау науқаны бар, бұлар вирустың таралуына ықпал етуі мүмкін деген болатын. Сондықтан вирус алдағы екі-үш апта ішінде шамадан тыс тарап кетуі ғажап емес. Бірақ жоспарды айту да ауа райын болжаған сияқты ғой. Қазір ғана күн шығып, артынан жел соғып, жаңбыр жаууы мүмкін. Сондықтан вирус толқыны бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.
Наурызда вирусты жұқтырудың шарықтау шегі тіркеледі десе де, біздің министрлікте жайбарақаттылық басым. Алдыңғы толқыннан жинаған азды-көпті тәжірибеге арқа сүйей ме екен, екпені нақты қашаннан бастап және кімдерге салынатынын да ашып айтқан жоқ. Соған қарағанда, министрлік те, халық та вирустан аса қорықпайтын сияқты.