Алматының жылыту қазандықтары жаңаланды
Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланың жылыту маусымына дайындығын пысықтау мақсатында арнайы нысандарда болып, көшпелі кеңес өткізді.
Ол қазандықтар мен ЖЭО-2-лерді аралаған соң Алматы әкімдігі басқармалары мен коммуналдық кәсіпорындар басшыларының қатысуымен мегаполисті жылу беру маусымына дайындау мәселелері бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Алғашқы нысан Бостандық ауданында орналасқан Оңтүстік аудандық қазандығына атбасын бұрған қала әкімі Ерболат Досаев 200 мың тұтынушыны қамти отырып, қаланың оңтүстік ауданында қазандық қуатын арттыруға және энергия тапшылығын жабуға мүмкіндік беретін ірі жылу магистралін қайта құру барысымен танысты. Бүгінгі күні 4 қазандықтың 2 қазандығын ауыстыру және 1 қазандықты қайта құру бойынша жұмыстар орындалды. Қала әкімі желілік сорғылар мен №2 қазандық бойынша аяқталмаған жұмыстары жөнінде ескерту беріп, аудандағы жаңа тұрғын үй құрылысына байланысты қуаттылықтың артуымен Оңтүстік аудандық қазандықты кеңейтуді қарастыруды тапсырды. Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы жылу беру маусымы басталғанға дейін жұмыстарды бітіруі қажет.
Одан кейін Алматы қаласы әкіміне «Премьера» қазандығын кеңейту жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Жоба 5 қазандық пен қосалқы жабдықты орнатумен жаңа ғимараттың құрылысын қарастырады. Қала басшысы жылу желілерін гидросынау және жөндеу жұмыстары бойынша барлық жұмыстарды осы жылдың 25 қыркүйегіне дейін жүргізуді міндеттеді. Жалпы, екі қазандықтағы құрылыс жұмыстарын келесі жылдың шілде айында аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде қалада жылу энергиясының көлемі едәуір артып, ескі құбырларды ауыстырудың арқасында ондаған жылдар бойы апат қаупі болмауы тиіс. Жұмыс сапары барысында инженерлік желілердің тозығы жеткені де айтылды.
Атап айтқанда, электрмен жабдықтау 65 пайыз, жылумен жабдықтау 60 пайыз, сумен жабдықтау 55,8 пайыз және газбен жабдықтау 36 пайыз. Дегенмен, инженерлік желілердің тозуын азайту бойынша барлық қажетті іс-шаралар қолға алынды. Осы бағытта жыл сайын 20 шақырым жылумен жабдықтау желілері, 80 шақырым электрмен жабдықтау, 15 шақырым сумен жабдықтау, 20 шақырым газбен жабдықтау реконструкцияланады және жөнделеді.
Қала басшысы Ерболат Досаев қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бірі – ЖЭО-2 кешенінде болды. Жылыту маусымы қарсаңында кәсіпорында энергетикалық генерациялау жабдығына жөндеу жүргізіліп жатыр.
Ал көшпелі отырыста Алматы қаласы әкімі тұрғын үйлердің, денсаулық сақтау және білім беру нысандарының жылыту маусымына дайындығы, сондай-ақ тұтынушылардың коммуналдық кәсіпорындар алдындағы дебиторлық қарызын бағалау туралы есебін тыңдады. Қазіргі уақытта Алматыда коммуналдық қызметтер үшін қарыз сомасы 3,2 млрд теңгені құрайды. Еегізгі борышкерлер – жеке тұлғалар.
Қысқасы, алдағы жылыту маусымына дайындық белгіленген кестеге сәйкес жүргізілген. 31 тамызға дейін әлеуметтік нысандарды қысқа дайындауды аяқтау мерзімі бекітілген болатын.