8 июня 2023 г. 12:32

Алматының Түрксіб ауданындағы магистральды көшелерді жөндеуге 500 млн теңге бөлінді

Фото:

«Қайрат» шағын ауданында ұзындығы 2,7 км жол салу жұмыстары жүріп жатыр. Қалған 5,3 км жолда инженерлік коммуникациялар жоқ.

Алматы, NEGE. Алматы әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесуде осылай деді.

Түрксіб ауданында ұзындығы 24 км болатын 18 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Децентрализациялау аясында биылдан бастап жолдарды ағымдағы жөндеуді аудан әкімдіктері жүргізіп келеді. 40 мың м2 астам магистральды көшелерді (Рысқұлов даңғылы, Майлин көшесі, Бекмаханов көшесі, Сүйінбай даңғылы және т.б.) биылғы жөндеуге 500 млн. теңге бөлінді.

Аудандық әкімшіліктер материалдық және кадрлық жағынан күшейтілді. Аудан әкімдігінің бюджеті 3,2 есеге ұлғайды. Қызметкерлер саны 18 адамға өсті.

Сонымен қатар биылғы жылдың 5 айында ауданда 96 «Сергек» аппараттық- бағдарламалық кешені орнатылды. Бұл жол қауіпсіздігін жақсарту мақсатында қолға алынған.

Бұған қоса, Түрксіб ауданында адам көп жиналатын жерлерде бейнебақылау жүйелерінің желісін кеңейту жобасы аясында жыл соңына дейін тағы 585 астам камера орнату жоспарға енген.

Алматының «Қайрат» шағын ауданында жаңа автобус бағыты іске қосылады.

Алматы әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесуде атап өткендей, қоғамдық көлікті дамыту – әкімдік үшін басты міндеттің бірі. Биыл Түрксіб ауданы тұрғындарының өтініші бойынша №50, 10, 227 бағыттар 45 автобусқа жаңартылды.

Сонымен қатар, тағы 12 маршруттың жылжымалы құрамы жаңартылады. «Қайрат» шағын ауданынан «Райымбек» метро бекетіне дейін жаңа автобус бағытын іске қосу жоспарланып отыр.

Алматыда Хмельницкий көшесі Талғар трактіне дейін ұзарады.

- Қаланың 2040 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. 3 мамырда Үкімет қолдады, 16 мамырда ол жарияланды. Оның аясында біз қалада жолдарды дамытамыз. Жоба әрі қарай қолға алынады, Хмельницкий көшесін Талғар трактіне дейін ұзартамыз. Бізге түзу жол қажет, қисық, тар жолдарды тиімділігі шамалы. Біз барлық институттарды тартып, көлік бағыттарын бірге қарастырдық. Бұл Алматының орталығындағы үлкен магистральдық көшелерді ұзартуға да қатысты. Өкінішке орай, қала басқаша дами алмайды. Барлық басқа мәселелерді нарықтық бағамен шешеміз, ешкімді ренжітпейміз, - деді Алматы әкімі. 

Бұл жайында Алматының қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев та пікір білдірді. 

- Богдан Хмельницкий көшесін ұзарту бас жоспармен бекітілген. Бүгінде біз жобалық -сметалық құжаттаманы әзірлеп жатырмыз, сәулетшілермен қызыл сызықтар анықталды, - деді ол. 

Жыл соңына дейін Түрксіб ауданының 6000 абоненті сапалы электр қуатымен қамтылады. 

«Нұршашқан» және «Қайрат» шағын аудандарын тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін биыл желтоқсан айында «Тұздыбастау» қосалқы станциясы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, желтоқсан айында «Әлмерек» (23,5 км), «Нұршашқан» (18 км), «Шуақты» (5,5 км), «Қайрат» (170 км) шағын аудандарында электр беру желілерін жаңғырту аяқталады. Бұл 6 000 абонентті сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тегтер: