Алматының Райымбек даңғылында автобус жолағымен жүруге рұқсат беріледі

19 сәуірден бастап жұмыс күндері кешке және түнде сағат 20:00-ден 6:30-ға дейін жүргізушілерге Райымбек даңғылы бойымен Сайын көшесінен Яссауи көшесіне дейін автобус жолағымен жүруге рұқсат етіледі.

Алматы, NEGE. Бұл туралы Алматы қалалық мобильділік басқармасы хабарлады. Демалыс және мереке күндері осы аумақта жүруге шектеу жоқ. Осылайша, автобус жолағымен көлік көп жүретін уақыттан тыс кезде жүруге рұқсат.

Жаңа ереже қала ішінде көлік ағыны тиімділігін арттырудағы пилоттық жоба ретінде енгізілді. Қоғамдық көлік жолағындағы қозғалысқа қатысты өзгеріс жыл соңына дейін жалғасады. Сосын барлық дерек жинақталып, қаладағы көлік кептелісін реттеудің нақты шешімі қабылданады.

Жүргізушілерді жол белгілеріне мұқият қарауға және жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырамыз.