Алматылықтардың көлік салығы 7 млрд теңгеден асқан
Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, 85 024 көлік иесі салықты дер кезінде төлемеген.
Астана, NEGE. Бұл деректер қалада «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу кезінде анықталған. Қарыздың негізгі бөлігі қозғалтқыш көлемі 4000 текше сантиметрден асатын көлік иелеріне тиесілі екен.
«Рейд барысында жеке сот орындаушыларының қаулысы бар борышкерлердің көліктері "Сергек" камераларының көмегімен анықталып, берешегі толық өтелгенге дейін айып тұрағына қойылуда», – делінген ведомство хабарламасында.
Департамент өкілдері көліктің айып тұрағына қойылуына және сот орындаушыларының қызметін төлеу бойынша қосымша шығындарға жол бермеу үшін автокөлік иелеріне салықты уақытылы төлеуге кеңес береді.