Алматылықтар Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салды
Бүгін Алматының Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қазақ өнерінің абызы, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтті.
Алматы, NEGE. Актерді ақтық сапарға шығарып салу үшін жиналған халықтың қарасы қалың. Қоштасу рәсіміне елге белгілі қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер саласының майталмандары, ізбасар шәкірттері және оның шығармашылығын құрметтеген көпшілік қатысты.
«Қазақ өнерінің асқар тауы құлады. Күні ертең театрдың 100 жылдығында бірге отыратындай арқа-жарқа болып жүр едік. Бұйрық солай болды. Асекең өмірден жарқырап өтті. Ойнайтынын – ойнады, көретінін – көрді. Бар халықтың марапатын алды. Бірақ өнер деген әлемнің қызығына тоймай кетті. Өнер – халықтың жүрегі. Асекеңнің арманы мен мұңы, қайғысы мен шері қалай болғанын біз білеміз. Қасында болуға, жоғын толтыруға тырыстық. Бірақ өзінің орнын толтыра алмайтынымыз – хақ. Асекеңді жоғалттық, ол сары шекпен жамылған сағынышқа айналды», – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Смағұл Елубай Асанәлі Әшімовтің сомдаған рөлдері ұрпаққа үлгі болғанын атап өтті.
«Ол батырлардың бейнесін сомдады. Сол фильмдердегі Асанәлі сомдаған бейнелер арқылы біз тәрбие алдық, қалыптастық. Сондай батыр болғымыз келді және еліміз тәуелсіз болса екен дедік. Асанәлідей алып тұлғаның халқына сіңірген еңбегі осы деп білемін», – деді Смағұл Елубай.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Асанәлі Әшімовтің отбасына көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.
«Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады», – деп жазылған жеделхатта.
Асанәлі Әшімов 21 желтоқсанда 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол 1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келген.