12 декабря 2025 г. 14:18

Алматылықтар 30 жастан асып үйленетін болған

Фото: pixabay.com

2025 жылдың алғашқы 11 айында Алматы қаласында 17 500-ден астам неке тіркелді. Бұл – Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалы. 

Алматы, NEGE. Қалада тәулігіне орта есеппен 90-ға жуық той өтеді. Десе де, алматылықтар отбасын құруға асықпайды. Неке қиюға келетін қалыңдықтардың орташа жасы 28-де, жігіттердің орташа жасы 31-де.  

Корпорация өкілдері некесін тіркеуге келгендердің арасында ерекше жағдайлар да кездесетінін атап өтті. 85 жастағы ер адам мен 80 жастағы әйел адам некелесіп, ең егде жастағы жұп атанып отыр. Ал ең жас жұп – уәкілетті органдардың рұқсатымен некеге тұрған 16 жастағы азаматтар.

Сонымен қатар Алматыда ажырасу санының төмендеуі де байқалады. Жыл басынан бері шамамен 3000 жұп некені бұзу туралы өтініш берген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мамандары Қазақстанда неке қию процесі айтарлықтай жеңілдегенін атап өтті. Үйленуге өтінішті eGov порталы, банктердің мобильді қосымшалары немесе АХАЖ бөлімдері арқылы онлайн беруге болады. Қалаған жағдайда жас жұбайлар некені салтанатты рәсіммен де қидыра алады. 

Еске сала кетейік, неке қию үшін өтінішті 15 күн бұрын тапсыру қажет.