Алматылық атқыштың адвокаты сотты жабық режимде өткізуді сұрады
Алматыдағы Ақбұлақта атыс шығарып, 5 адамның өмірін қиған Игорь Дужнов тергеу изоляторына қамалды.
Алматы, NEGE. Дужновтың адвокаты соттан күдіктінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сотты жабық режимде өткізуді сұрады. Алайда, сот БАҚ өкілдерін қатыстырмау туралы өтінішті қанағаттандырмады және онлайн тыңдауды ашық режимде жалғастыру туралы шешім қабылдады. Бұдан соң заңгер судьяға қарсы наразылығын мәлімдеді.
"Құрметті сот, егер бірнәрсе орын алса жауапкершілікті сізге артамын. Сіздің сот отырысын ашық режимде өткізу туралы шешіміңізге байланысты, мен сізге қарсы наразылық білдіруге мәжбүрмін. Мен күдікті мен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігіне алаңдаймын. Қауіпсіздіктің бұзылуына әкелуі мүмкін ақпаратты жария ету мүмкін емес. Неліктен мұндай шешім қабылдағаныңызды түсінбеймін, менің ойымша, сіз істі қарауға тікелей әрі жанама қызығушылық танытып отырсыз. Осыған байланысты мен наразылық білдіремін", - деді адвокат.
Судья Жанабил Акинов адвокаттан наразылықты жазбаша түрде тапсыруын сұрады.
Отырыста сот Дужновқа қатысты екі ай мерзімге қамау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматылық сот Игорь Дужновтың әйелінің шағымын қарауды кейінге шегерген болатын.