Алматылық фармацевт ұйымдасқан қылмыстық топқа ірі көлемде трамадол сатып келген

Алматы қаласындағы дәріханалардың бірінің фармацевті заңды қызмет аясындағы мүмкіндіктерін пайдалана отырып, күшті әсер ететін заттарды Ақтөбе облысына ірі көлемде жеткізуді ұйымдастырған.

Видеодан кадр/polisia.kz

Астана, NEGE. ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің аға жедел уәкілі Үмітбек Фархадовтың мәлімдеуінше, фармацевтің заңсыз әрекеті жедел-тергеу іс-шаралары барысында анықталған.

Күшті әсер ететін дәрілік заттарды заңсыз өткізумен айналысқан Ақтөбе облысындағы ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қылмыстық топтың барлық мүшелері, соның ішінде ұйымдастырушы, оператор, ораушылар және заттарды жасырумен айналысқан күдіктілер ұсталды. Заңсыз айналымнан мыңнан астам дәрілік препарат тәркіленді», – деп хабарлады аға жедел уәкіл.

Сондай-ақ ведомство өкілі биылғы 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін, мұндай заттардың заңсыз айналымы үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын еске салып өтті.