Алматылық дәрігерлер бесінші қабаттан құлаған кішкентай баланы аман алып қалды
Алматыда Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының нейрохирургтері тұрғын үй кешенінің бесінші қабатынан құлап кеткен төрт жасар баланың өмірін сақтап қалды.
Астана, NEGE. Қала әкімдігінің мәліметінше, балада бел омыртқасының ығысқан және жаншылған сынығы, сондай-ақ жұлынның қысылуы анықталған.
Дәрігерлер екі кезеңнен тұратын ота жасап, омыртқа өзегіндегі қысымды азайтып, омыртқаны бекітетін арнайы конструкция орнатты.
Бөлім меңгерушісі Айдын Нүсіпқожаевтың айтуынша, дәрігерлер баланың қимыл-қозғалыс функциясын сақтап қалды. Оңалту курсынан кейін бала өздігінен жүре алады. Қазір ол ауруханадан шығарылып, амбулаториялық емін жалғастырып жатыр.