Алматылық дәрігерлер 9-қабаттан құлап, ауыр жарақаттанған қызды аман алып қалды

Алматыда 17 жастағы қыз 9-қабаттан құлап, ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының дәрігерлері жас қыздың өмірін аман алып қалды.

NEGE

Астана, NEGE. Хирургтер биіктен құлаған қызға шұғыл түрде күрделі ота жасап, барлық ауыр жарақаттарын емдеген.

«Науқас ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілді. Оған II дәрежелі кома, травмалық және геморрагиялық шок, аяқ-қолдардың, омыртқа мен жамбас сүйектерінің көптеген сынығы, кеуде қуысының ауыр жарақаты диагнозы қойылды. Ең күрделі зақымдардың бірі диафрагманың жыртылуы болды. Соның салдарынан асқазан, көкбауыр және ішектің бір бөлігі кеуде қуысына ығысып кеткен», – делінген хабарламада.

Науқас отадан кейін 12 тәулік бойы жансақтау бөлімінде емделген. Кейін оған сүйектері пен буындарын қалпына келтіру үшін тағы төрт ота жасалған. 

Реаниматологтар, хирургтер, травматологтар және басқа да медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында қыздың беті бері қарады. 58 күнге созылған емдеу курсы аяқталған соң ол ауруханадан шығарылған.