28 октября 2025 г. 18:00

Алматыға Трамптың арнайы өкілі мен Рубионың орынбасары ұшып келді

Фото: Ақорда

АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гор мен АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау Қазақстанға келді, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

Алматы, NEGE. «Алматыға АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гор және АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау келді. Сапар бағдарламасында қазақ-америкалық қатынастардың перспективалары, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер талқыланатын бірқатар кездесулер көзделген», – делінген хабарламада.

Бүгін Алматыда Гор мен Ландау Қазақстанда жұмыс істейтін америкалық компаниялардың басшылары және іскер топ өкілдерімен кездесті.

Сондай-ақ олар заманауи өнер мұражайына, Шымбұлақ тау шаңғысы курортына және Медеу мұз айдынына барды. Қонақтарды Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дадебай бастап жүрді.