Алматыдағы жол: Жыл басынан бергі 500 тексеріс 360 ақауды анықтады
Елімізде жол мәселесі бәз-баяғысынша өзекті. Әлі күнге Еуропаның тақтайдай тегіс жолдарын айтып, таңдай қағып келеміз. Бізде неліктен жол сапасы сын көтермейді? Бір-екі жыл бұрын пайдалануға берілген асфальт жолдары неге ойқы-шұйқы? Бұл сауал кез келген азаматты немесе қала тұрғынын мазалайтыны даусыз.
Индустрия және инновациялық даму министрлігі үш жыл бұрын жол сапасын қадағалап, бақылауда ұстайтын мекеме құрған болатын. Бүгінде «Жол активтерінің ұлттық сапа ориталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің әр өңірде филалы жұмыс істейді. Nege.kz осы мекеменің Алматы қаласындағы филиалы атқарып жатқан жұмыстардың бір парасына тоқталды.
Мекеменің басты қызметі – жол салу, жөндеу кезіндегі материалдардың сапасын анықтау. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының директоры Мәулен Тоқтарбайұлының айтуынша, мекеме жыл басынан бері 500-ге жуық тексеріс жүргізіп, 360 ақау анықтады.
«Мұның 35 пайызы қалпына келтірілсе, қалғаны да олқылықты түзейтінін мәлімдеген. Бұл жөнінде тиісті хаттама толтырылып тапсырыс берушіге және Алматы қалалық Құрылыс басқармасына жолданған. Екі мекеменің ұйғарымы бойынша мердігер ұйымдарға 11 млн теңге айыппыұл салынса, 1 мердігер ұйымын лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды», – дейді ол.
Сондай-ақ, 2 техникалық қадағалаушы инженердің аттестатын 6 айға тоқтату шарасы қолданды. Ал қателігін түсінген мердігер ұйымдар өз есебінен – 148 млн теңгеге қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіпті.
Кейде жол салушылар да қаржыдан үнемдеп қалғысы келетіні жасырын емес. Алайда, мұны анықтау қиындық туғызбайды. Мәселен, жыл басынан бері «Жол активтерінің ұлттық сапа ориталығы» РМК-нің Алматы қаласындағы филиалы 1500-дей сынама алып, арнайы зертханада тексерді. Оның 640 сынамасы, яғни 48 пайызы стандарт талабына сай болмай шыққан.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының директоры Мәулен Тоқтарбайұлының айтуынша, бүгінде жолды сапасыз салу дерегі азайған. «Біздің мекеме 2019 жылдан бері жолдың сапасын бақылауға алды. Бастапқы жылдары мердігер қарапайым жол жабынының қалыңдығын дұрыс істей алмайтын мысалдар көп кездесті.
Қазіргі кезде ақау саны біршама азайды десек болады. Егер талапқа сай болмаса, біз дереу тапсырыс берушіге және мердігерге хаттама жазамыз. Содан кейін белгілі бір мерзімде, яғни 7-10 күнде қалпына келтіруі тиіс. Сол аралықта жұмысты қайта түземесе, Алматы қалалық Құрылыс басқармасына хаттама жолдаймыз.
Бұл мекеме өз тарапынан айыппұл салып немесе лицензиясынан айыру, тіпті болмаса қадағалаушы инженердің аттестатын тоқтату сынды шара қолданады», – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының директоры.
Бүгінде Алматыдағы 3100 шақырымдай жолдың сапасы осы мекеменің тікелей бақылауында. Кешенді автоматтандыру жұмыстардың нәтижесінде жол сапасы цифрландырылған зертханада тексеріліп, сараптау нәтижесі ортақ базаға түсіп отырады.
Мұнымен қоса жылжымалы жол зертханасы сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүріп отырып жолдың ақауын анықтауға мүмкіндігі бар. «Әр жөндеу жұмысының уақыты болады. Егер биыл орташа жөндеу жұмысы жүргізілсе, бұл екі жылдан кейін жасалады. Ал күрделі жөндеу болса, бес жылдан кейін қайта жүргізіледі.
Айта кету керек, орталық мамандары жүргізген тиімді жұмыстың нәтижесінде жол сапасы 85 пайызға жақсарды. Бұған қателік пен кемшіліктің дер кезінде анықталып, тез арада түзелуі басты себеп», – деп түйіндеді Мәулен Алипов.