Алматыдағы қолайсыз ауа-райы қандай зиян әкелді?

Алматыда екпінді жел ағаштар мен бұтақтарды құлатып, ғимараттардың шатырын ұшырып әкетті.

Алматы, NEGE. Қатты жел салдарын жою жұмыстарын аудандық әкімдіктердің мердігер ұйымдары мен Алматы қаласының құтқару қызметі жүргізуде.

«112» желісіне ағаштардың құлауы, ғимараттар шатырларының бұзылуы, тұрғын үйлер аулаларын су басу бойынша 43 хабарлама тіркелді.

Жедел жәрдем қызметінің мәліметтері бойынша 2 ер адам жеңіл дене жарақатын алды. Қазіргі уақытта олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, дәрігерлер тексеріп үйлеріне жіберді

Сағат 22.00-дегі жағдай бойынша тіркелген хабарламалар:

- ағаштардың автокөліктерге құлауы – 25 жағдай;

- жеке тұрғын үйлердің, көпқабатты, әкімшілік ғимараттар шатырларының бұзылуы – 13 жағдай. ТЖ салдарын нысан иелері өз бетімен жоюда;

- көпқабатты үйлердің сыртқы қаптауының түсуі – 2 жағдай. Салдарын жоюмен пәтер иелері кооперативі айналысуда;

- су басу – 2 жағдай (Жетісу ауданы – жеке тұрғын үй аумағы, Алмалы –көпқабатты үйлердің жертөлесі мен кіреберісі);

- троллейбус желісінің үзілуі – 1 жағдай.

«Табиғи сипаттағы зардаптарды жоюға Төтенше жағдайлар департаментінен – 27 қызметкер, 11 техника, 3 мотопомпа, әкімдіктердің мердігерлік ұйымдары және «109» құтқару қызметінен – 127 адам мен 57 бірлік техника жұмылдырылды»,- деп хабарлады ведомстводан.