Алматыдағы блок бекеттегі апатқа байланысты экс-полицейге үкім шықты
Қарасай аудандық сотында Алматыдағы блокбекетте болған жол апатына кінәлі полицейге қатысты үкім шықты.
Алматы, NEGE. Экс-полицей Азат Азаматовты 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім оқылды.
- 1994 жылы туған Азаматов кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік колониясында 10 жылға бас бостандығынан айырылсын, - деді судья Мәди Көшікбаев.
Сонымен бірге, сот шешімімен Азат Азаматов қайтыс болған полицейлердің туыстарына моральдық және материалдық шығынын өтеуге міндеттелді.
Азаматовтың өзі сотта болған жоқ. Ол үкімді видеоконференцбайланыс арқылы тыңдады.
Сондай-ақ, сот Азат Азаматовқа Алматы полиция департаментіне келтірілген материалдық шығын (бүлінген полиция автокөлігі) үшін 5,4 миллион теңге төлеуді міндеттеді.
Ал жәбірленуші Динара Аманның пайдасына Азат Азаматов баласы 18 жасқа толғанға дейін бір миллион теңге моральдық шығын және 36 миллион теңге төлеуі керек болады.
Қаза тапқан полицейдің әкесінің пайдасына Азаматов бір миллион теңге моральдық шығын және 2,8 миллион теңге материалдық шығын төлеуі керек.
Қаза тапқан екінші полицейдің әйелінің пайдасына сотталған адамнан оның үш баласы 18 жасқа толғанға дейін 15 миллион теңге өндіріп алынатыны айтылады.
25 мамырда Алматының Қарасай ауданында мас жүргізуші көлігімен блок бекеттегі бетон қоршауға, сосын патруль көлігіне соғылған болатын. Оқиға салдарынан екі полицей қаза тауып, үшіншісі ауруханаға жеткізілген.
BMW жүргізушісі Азат Азаматов – бұрынғы полиция қызметкері болып шыққан.