Алматыдағы түсірілім кезінде ондаған адам уланған телехикая Netflix-те көрсетіле бастады
20 қарашада Netflix платформасында кореялық The Blue Road телехикаясының премьерасы өтті. Сегіз бөлімнен тұратын туындының бір бөлігі Алматыда түсірілді. Былтыр желтоқсанда дәл осы түсірілім кезінде ондаған адам газ иісіне уланып қалған еді.
Астана, NEGE. Телехикаяда Оңтүстік Корея мен Жапония детективтерінің кісі өлтіру қылмыстарын тергеуі баяндалады. Соңғы бөлімде кейіпкерлердің бірі жергілікті қылмыс әлемінің өкілімен кездесуге Алматыға келеді. Кадрлардан Алматы-2 вокзалы мен қала көшелерін көруге болады.
Дегенмен телехикая қалың көрерменге жетпей-ақ дау-дамайдың ортасында қалды. 2025 жылғы 11 желтоқсанда түсірілімге пайдаланылған теміржол вагонында адамдар газ исіне уланып қалған.
Көлік министрлігінің мәліметінше, оқиғадан 47 адам, соның ішінде 10 бала зардап шеккен. Кәмелетке толмаған екі бала жансақтау бөліміне түскен.
Полиция еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Кейін көлік министрі Нұрлан Сауранбаев түсірілім кезінде жеке меншік вагон пайдаланылғанын, оның жылыту жүйесі істен шыққанын мәлімдеді. Суыққа байланысты вагонға қолдан жасалған жылыту құрылғысы орнатылған. Министрдің айтуынша, адамдардың улануына осы құрылғы себеп болған.