29 сентября 2024 г. 14:51

Алматыдағы опера және балет театры жаңа маусымын ашты

Фото: 24.kz

Жүзжылдықтың алдындағы белеске аяқ басқан Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының ұжымы 91-жаңа маусымды алдыңғы буынның батасымен бастады, деп жазды 24.kz.

 Алматы, NEGE. Биыл қара шаңырақтың құрылғанынан 90 жыл толып отыр. Ал Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» опералық спектаклінің жарық көргеніне 80 жыл болды. Бекзат өнер шаңырағы жаңа маусымды дәстүрге сай осы қойылыммен ашты.

Айтулы мерекеге арналған салтанатты шарада театр ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Жылдар бойы өмірін сахнаға, шығармашылыққа, театрға қызмет етуге арнаған адал жандарға арнайы төсбелгі және сыйлық табыстады. Олардың қатарында сахна әртістері ғана емес, сонымен қатар касса қызметкерлері, визажистер, жүргізушілер де бар.

"Бұл өнер бекзат өнер. Бұл өнерге кішкентайынан бастап келеді де ерте зейнетке шығып кетеді. Бұл кісілер бүкіл өмірін осы театрға арнаған, мәлениетке арнаған, классикалық музыкаға арнаған. Сондықтан да біз бүгін нағыз еңбек адамдарын театрға шақырып, ол кісілерді марапттап жатырмыз. Ол кісілердің батасын алып жатырмыз"- деді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры Айнұр Көпбасарова.