Алматыдағы колониялардың бірінде екі адам қаза тапқаны туралы ақпарат тарады
Желіде Алматыдағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде екі сотталған азаматтың бірінен кейін бірі өз-өзіне қол жұмсап, қаза болғаны жөнінде ақпарат тарады.
Астана, NEGE. Алайда Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Алматы қаласындағы мекемелерде екі сотталғанның өз-өзіне қол жұмсағаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды. Алматы қаласының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері, жалпы жүйедегідей штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жағдай тұрақты», – деп жауап берді ведомство өкілі NEGE-ге.
Бұған қоса Комитет өкілдері көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, ел тұрғындарын тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.