Алматыдағы «Байсат» базары аукционда 24,7 млрд теңгеге сатылды

Бұрын Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі болған, көптен бері өтпей тұрған Алматыдағы «Байсат» базары ақыры аукционда сатылды. 

e-qazyna.kz

Астана, NEGE. Электрондық сауда алаңының порталындағы мәліметке сәйкес, сауда-саттық бүгін, 7 тамыз күні сағат 12:00-де өткен. Саудаға «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-нің 100% үлесі шығарылған.

Аукционға бір ғана субъект қатысып, базарды ұсынылған бағаға – 24 772 753 285 теңгеге сатып алған. Әзірге Алматыдағы ірі базарлардың бірін кім сатып алғаны белгісіз.

Жоба сипаттамасына сәйкес, аталған ЖШС-де жылдық орташа есеппен 64 адам жұмыс істейді. Сатушы ретінде Қайтарылған активтерді басқару компаниясы көрсетілген.

Еске салсақ, жуырда билік өкілдері «Байсат» базары сатылмаған жағдайда Алматы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілетінін айтқан еді. 

Базар Қайрат Сатыбалдыдан 2024 жылғы қаңтарда қылмыстық тергеу барысында мемлекетке қайтарылған болатын.

Содан бері төрт рет саудаға шығарылды. Нысан алғаш рет 2025 жылдың қарашасында саудаға шығарылған. Ол кезде бастапқы бағасы 28,6 млрд теңге деп белгіленген. Сатылымнан түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға бағытталып, қоғам мүддесіндегі әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады деп жоспарланған. Алайда бұл жүзеге аспады.

Сол жылдың желтоқсан айында өткен аукционда баға 26,7 млрд теңгеге дейін, ал 2026 жылдың қаңтарында тіпті 24,7 млрд теңгеге дейін төмендетілді.

Ал соңғы рет 26 мамырда қайтадан 28,6 млрд теңгемен аукционға шығарылды, ол кезде де ешкім сатып алуға құлық таныта қойған жоқ.