Алматыда жыл сайын 700-ге жуық әйел сүт безі қатерлі ісігіне шалдығады
– «Дүниежүзілік сүт безі обырына қарсы күрес» күні аясында Алматы онкология орталығында әр сенбі сайын ашық есік күні өтіп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Онкологиялық орталықтың клиника-диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Наила Ақжолованың айтуынша, әлемде сүт безі қатерлі ісігі - әйелдер арасында кең тараған онкологиялық аурулардың бірі саналады.
Күйзеліс, дұрыс тамақтанбау, жаман әдеттер, тұқым қуалайтын бейімділік қатерлі ісік қаупін арттырады.
Дәрігер сүт безі қатерлі ісігінің таралуын әйелдердің өмір салты өзгеруімен, атап айтқанда, бала туудың сиреуі және бала емізуші аналардың азаюымен байланыстырады.
«Қатерлі ісік ауруының даму қаупін экология, гормоналды факторлар, стресс, иондаушы сәулелену, зиянды тамақтану, алкоголь тұтыну сияқты факторлар арттырады», – дейді дәрігер.
Алматы онкология орталығының мәліметі бойынша жыл сайын қалада сүт безі қатерлі ісігімен 700-ге жуық әйел ауырады.
Яғни, қалада күн сайын екі әйел осы патологиямен ауырады. Осыған байланысты қатерлі ісікті ерте анықтау үшін төмендегі жағдайларды ескерген жөн:
- сүт безіне тұрақты түрде тексерілу;
- жыл сайын емханада маммологқа қаралу;
- 40-70 жас аралығындағы әйелдерге 2 жылда бір рет маммографиядан өту.
«Қатерлі ісік диагнозын ерте анықтау арқылы ауруды толық емдеуге болады. Уақытылы басталған емдеу – сұлулығыңызды, денсаулығыңызды ғана емес, өміріңізді де сақтаудың кепілі»,- деп мәлім етті онкологиялық орталықта.