Алматыда Жеңіс күніне орай ардагерлерге 1,5 млн теңге төленеді

Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1,5 млн теңге төлеу жоспарланған.

Алматы, NEGE. Төлем Ауған соғысы жауынгерлері мен тыл еңбеккерлеріне де беріледі. Бұл туралы әкім Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты.

«9 мамыр - бәріміз үшін қасиетті мереке. Өкінішке қарай, ардагерлеріміз жыл сайын азайып келеді. Соңғы мәлімет бойынша Алматыда 58 ардагер тұрады. Олар мерекені аман-есен қарсы алса екен деймін, біз жыл сайын құттықтаймыз. Әрбір ҰОС ардагеріне миллион теңгеден төлеуді жоспарладық. Ертең мәслихат отырысы өтеді, мен депутаттардан оларға 1,5 млн теңгеден төлеу үшін тағы 500 мың қосуды сұраймын», - деді қала әкімі.

9 мамырда дәстүрлі түрде 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта гүл шоқтары қойылады, мерекелік концерт өтеді. Ардагерлер қаланың барлық аудандарында да құрметке ие болады.

Қала әкімі атап өткендей, мерекеге өзі қатыса алмайтын ардагерлерге жеке көңіл бөлінеді. Аудан әкімдері әрқайсысына барып, Жеңіс күнімен құттықтайды.