Алматыда цех жұмысшысының қолы ет тартқышқа оралып қалған

Алматыда ет цехында жұмыс істейтін ер адамның қолы тартқышқа кіріп кетті.

Алматы, NEGE. 42 жастағы ер адам котлет шығаратын цехта жұмыс істеген. Ол еттартқышқа ет салып жатқанда қолы қысылып қалған. Аппарат үздіксіз жұмыс істегендіктен, ер адам қолын тартып үлгере алмаған.

Алматыда құтқарушылар қолы еттартқышта қалып қойған ер адамды құтқарды.

«Республикалық жедел-құтқару жасағы» ММ мәліметінше, 26 қаңтарда кезекші бөлімге осы жағдай туралы хабарлама түседі.

«Құрамында 7 құтқарушы бар жедел топ дереу жолға шықты. Жеткен сәтте құтқарушылар ер адамның қолын ет тартқыштан шығаруға кірісті. Техникалық жұмыстармен бірге, РЖҚЖ психолог-құтқарушысы психологиялық көмек көрсетті. Құтқару операциясы аяқталған соң, зардап шеккен ер адам жедел жәрдем қызметіне жіберілді», - деп хабарлады мекемеден.