Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мәселесі талқыланды

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Алматыда «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың қалыптасуы» атты конференция өтті.

Алматы, NEGE. Шара қаланың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, Алматы әкімдігі, «Nur Otan» партиясы, «Атамекен» ҰКП өкілдерінің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өтті. Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде белсенді азаматтық қоғамдастықсыз сыбайлас жемқорлықты барынша азайту, жою туралы айтудың мағынасы жоқ екенін атап өтті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табысты іс-қимыл мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана мүмкін болады», - деді Ержан Бабақұмаров.

Конференция барысында Алматыда 2021 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс талқыланды және қорытындыланды. Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Мұрат Ахметов сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және қоғам арасында парасаттылық, адалдық және әділдік мәдениетін ілгерілету – бүгінде ең маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. «Сондай-ақ, осы мақсатқа жету үшін азаматтық қоғамның қатысуы қажет екенін түсіну өте маңызды», - деді Мұрат Ахметов. Конференция аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосқан қаланың қоғам қайраткерлерін марапаттау рәсімі өтті.