Алматыда ретро әндер шырқалды
Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында еліміздің белгілі композиторларының шығармаларын жастарға насихаттау мақсатында «Сағындырған әндер-ай» ретро фестивалі өтті. Айтулы шарада ҚР Халық әртістері мен жас өнерпаздар бір сахнада ән шырқады.
Алматы, NEGE. «Сағындырған әндер-ай» концерті бүгінде кеңінен сұранысқа ие. Себебі, даңғаза музыкадан шаршаған көререндер үшін әуезді әндердің орны қашанда ерек. 2010 жылдан бастау алған жоба жылына бір рет, кейде халықтың сұранысы бойынша екі рет ұйымдастырылады. Биылғы кештің басты ерекшелегі – концерттік бағдарлама бір күнде екі уақытта яғни, күндізгі 15.00 мен кешкі 19.00 өтті. Кезекті концертте қазақ өнерінің мэтрлары Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Сұлушаш Нұрмағанбетова, Майра Ильясова мен этрадамызға танымал Жеңіс Ысқақова, Шахизада, Алтынай Жорабаева, Мадина Садуақасова, Тамара Асар, Меруерт Түсіпбаева сынды әншілер қатысты. Жобаның авторы ҚР Еңбек сіңірген әртісі, продюсер Майра Ильясованың айтуынша, ретро әндердің әуенін бұзбай, сөзін бұрмаламай нақышына келтіріп орындалуын қадағалау басты мақсаттың бірі. 2 сағатқа жалғасын тапқан ретро ән кешінде жиырмадан астам есті әндер шырқалып, көрермендер 70-80 жылдардағы жастық шағын есіне алды.
«Мен концертке келмегелі көп болыпты. Ретро ән кеші ұнады, жақсы. Мемлекеттік қызметте жұмыс істегенмін. Қазір зейнетке шықтым. Жасым 64-те. Кезінде бірге жұмыс істеген әріптестерімді көріп, қуанып қалдым. Студенттік кезде өзім де вокалға қатысып, ән айтатынмын. Бүгін әсем әнмен әуелеген ғажайып музыка әлеміне еніп, 70-80 жылдарда болып қайтқандай әсер алдым», – деп Зауреш Әбдіқалықова өз ойымен бөлісті.
Сарайға жиналған көпшілік қауым өнер өкілдеріне құрмет-қошеметін аямады. Кеш соңында мерекелік көңіл күймен тарқасты.