Алматыда көшеде түкірген 5 мың адамға айыппұл салынды
Алматы полициясы қоғамдық орындарда түкірген адамдардың фотосы мен видеосын тәртіп сақшыларына жіберіп отыруды сұрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алматы, NEGE. Ол үшін бұрынғыдай «102» пультіне хабарласудың қажеті жоқ. Смартфонның көмегімен «102» мобильді қосымшасы арқылы фото немесе видеоны тіркеп, оқиғаның қашан және қай жерде болғанын жазса жеткілікті. Ақпаратты Жедел басқару орталығындағы мамандар сараптап, әрі қарай учаскелік инспекторға немесе патрульдік полицияға жолдайды. Қала бойынша 20 оператор тәулік бойы осы ресурс арқылы түскен аудио және СМС хаттарды, сондай-ақ видео қоңырауларды қабылдап отырады.
Айта кетейік, қоғамдық орындарда түкіргендерге бірінші рет 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал осы әкімшілік құқық бұзушылық бір жыл ішінде тағы қайталанса, айыппұл көлемі 20 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейеді.
– Жылдың басынан бері 5 мыңнан аса алматылық осындай қоғамдық жерде түкіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Қоғамның әрбір мүшесі салғырттық танытпай, қырағы болса, дер кезінде дабыл қақса, онда біздің айналамыздағы ортаны жақсартуға барынша мүмкіншілік бар, - деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.