Алматыда көлік ұрлау кезінде өзіне пышақ салған ер адамның жағдайы ауыр

Алматыда көлік ұрлап, ұстау кезінде өзіне пышақ салған ер адам ауруханаға ауыр хәлде түсті. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті.

Алматы, NEGE. «Науқас №7 қалалық клиникалық ауруханаға мойын және іш аймағындағы жарақатпен ауыр халде түсті. Сағат 15:30-дағы жағдай бойынша, науқасқа ота жасалып жатыр»,- деп хабарлады Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Бұған дейін Алматы қалалық Полиция департаменті «Ақсай» ықшамауданында ер адам көлік ұрлап, жол апатына түскені туралы мәлімдеген болатын. Оны ұстамақ болған кезде күдікті өзіне пышақ сұғып алған.