Алматыда қараторғайлар азайып барады
Тіпті талай ертегі тақырыбына арқау болған қарлығаштарды да көп көре бермейсіз. «Бұған табиғаттың ластануы себеп болуы мүмкін», – дейді экологтар. Ал биологтардың болжамы бойынша бұл құстардың азаюуының басты себебі бәсекелестікке байланысты екен. Яғни, қазір Алматыда «Майна» деп аталатын немесе «ауғандық» торғайлар қаптап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алматы, NEGE. Көктемнің жаршысы саналатын қараторғай, қар еріп күннің көзі жыли бастағанда-ақ қала аспанында қалықтап жүретін. Ала жаздай табиғаттың сәнін кіргізіп тұратын осы құстардың кенеттен азайып кетуі бекер емес екен. Қазір олардың орнын ауғандық торғайлар басқан. Бұл құстардың жейтін тағамдары және қонақтайтын орындары бір болған соң бәсекелестік болады. Ал Майнаңыз кәдімгі торғайларға қарағанда үлкендеу. Сондықтан оларды ығыстырып тастауы мүмкін.
– Қараторғайлар мен майналардың ұқсастығы өте көп. Бірақ ауғандық торғайлар күштірек келеді. Сондықтан құстар тамаққа таласқан кезде әрине күші көптер басым түсіп жатады. Осы бәсекелестікке шыдамаған қараторғай мен қарлығаш секілді өзге құстар басқа жаққа ұшып кетуі мүмкін, - деді Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко.
Ауғандық торғайлардың адамға еш зияны жоқ болуы мүмкін. Бірақ шектен тыс көбейіп кетсе, тағы болмайды. «Өйткені қала аспанында қалықтап жүретін қараторғайлар немесе қарлығаш секілді өзге де құстар мүлде жоғалып кетуі ықтимал», – дейді мамандар.