27 мая 2020 г. 21:00

Алматыда карантин созылуы мүмкін бе? Сағынтаев сауалымызға жауап берді

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын тұрақтандыру шаралары мен санитарлық қауіпсіздік ережелерін сақтау тұрғысында атқарылған жұмысты саралай келе, ақпарат құралдарының сауалдарына жауап берді. 

Қала әкімі төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілген уақыт ішінде қаланың экономикалық ахуалы мен тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да тоқталды. Мұның бәрі арнайы слайд арқылы көрсетілді. Неге екені белгісіз, баяндама да, слайд та ресми тілде жасалды. Сауалды қойып отырған баспасөз қызметі маманының «Енді осы сауалға қазақ тілінде толығырақ жауап бере кетсеңіз« дегені не масқара? Керісінше, әуелі мемлекеттік тілде, содан кейін ресми тілде жауап беруі керек емес пе?

Сонымен, ТЖ кезінде 440 мыңнан астам алматылық 42 500 теңге көлемінде қаржылық көмек алды. Ал коммуналдық қызметтерді төлеуге 2,1 млрд теңге бөлінді, олардың 30,4 мыңы мақұлданып, 456 млн теңге төленген. Осы көмекті алу үшін алматылықтардан 198 мың өтініш түсіпті. 
Бірінші кезекте әлеуметтік қолдау мүгедектерге, ҰОС қатысушыларға, оларға теңестірілген отбасыларға, мүгедек баланы тәрбилеп отырғандарға, көпбалалы отбасыларға, ең төмен зейнетақы алатындарға, жалғызбасты зейнеткерлерге, сонымен қатар АӘК алатын азаматтарға көрсетілді.

Осы қиын сәтте қала тұрғындарына қоғамдық қорлар және Nur Otan партиясы айтарлықтай көмек көрсетті, мұқтаж жандарға «Жаңа Алатау» ҚҚ азық-түлік себеттерін таратса, «Birgemiz» қоры 52,1 мың адамға 2,6 млрд теңгенің бір ретік көмегін көрсетті.
Әкімдік деңгейінде 1,9 млрд теңгенің қосымша әлеуметтік шаралары қарастырылып, 27 наурыздан бастап күн сайын 819 зейнеткерге жалпы сомасы 33,6 миллион теңге көлемінде ыстық тамақ жеткізілді. Әлеуметтік жағынан мұқтаж 7 мың адам жалпы сомасы 75 млн теңгеге санитарлық заттармен қамтамасыз етілді. 40 мың адамға 2 млн медициналық маска таратылды.

Nege.kz порталы атынан қала әкімі Б.Сағынтаевқа екі сауал қойдық. Оның біріншісі – коронавирус індетінен қайтыс болғандар санына қатысты. Яғни, «Індеттен қайтыс болғандар саны аз болса да, жерлейтін полигонда бірнеше орын артығымен қазылған. Не үшін? Басқа диагнозбен көз жұмғандарды неге осы вирустан өлді деп тіркеген?». Осы сауалға Алматы қаласының әкімі Сағынтаев былай жауап берді: 

«Бізде әртүрлі аурудың салдарынан қайтыс болғандар бар. Соның ішінде жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, тағы басқа дерттен көз жұмғандар болды. Бірақ мамандар марқұмның мәйітіне медициналық сараптама жүргізіп, алгоритм  бойынша Covid-19-ға анализ алады. Сол кезде ағзасынан инфекция анықталса, жерлеу рәсімі де алгоритм бойынша жүргізіледі. Басқа адамдарға инфекция жұқпас үшін арнайы полигонда жерленеді. Қазір алгоритм бойынша ауруханада, үйде жатып қайтыс болса да, кез келген мәйіт тексеріледі. Ал «коронавирус деп тіркейік» деп мәжбүрлеу болған жоқ. Олай жасау үшін Алладан қорқу керек» деді.

Екінші сауалымыз карантин ережесін сақтауға байланысты еді. «Қалада сауда орындары ашылды. Алайда, тәртіп пен ережеге бағынып жүргендер аз. Сондайлардың кесірінен қайта карантинге отыруымыз мүмкін бе?». 

Бұл сұраққа қала әкімі Сағынтаев былай деп жауап берді:

«Ашылған дәмханалар санитарлық талаптарды сақтамаса, айыппұл салып, жауып тастаймыз. Сондықтан қоғамдық орында, қоғамдық көлікте масканы шешпеу керек. Егер тәртіпке бағынбасақ, жағдай бүгінгі күннен де қиындап кетуі мүмкін. Осы екі айда халық барынша шыдамдылық танытып, үйде отырды. Көшеде автокөлік те азайды. Наурыз мейрамынан кейін қалада 35 мың ғана көлік жүрді. Ал карантинге дейін қаланың 500 мың көлігі, облыстың 250 мың көлігі бар, барлығы 750 мың көлік жүрді. Бірден ауа да тазарып шыға келді. Халыққа түсіністікпен қарағаны үшін алғыс айту керек. Бірақ шыдамның бәрі екі айда бітті, бәрі сыртқа шықты. Төтенше жағдай кезінде емес, қазір вирус жұқтырғандар көбейіп жатыр. Сондықтан жағдай ушықса, тәртіпті қатаңдатуға тура келеді. Сәуір айының ортасында Нұр-Сұлтан, Қарағанды қаласына келген қытайлық дәрігерлер Алматы қаласына да ат басын бұрып, бес күндей болып, жергілікті әріптестерінің жұмысын көрді. Олар кездесу кезінде «Нұр-Сұлтан, Қарағанды қаласымен салыстырғанда, Алматыда көшеде адам жоқ. Тұрғындардың ТЖ режимін бұзбай үйде отыруы үлкен ерлік» деген еді. Қазір де біздің халықтың дәл осындай түсіністік танытуы керек болып тұр. Әрине, жұрттың таза ауаға шығып, табиғат аясына барғысы келетінін түсінемін. Бірақ вирус ешқайда кетпегенін ұмытпауымыз керек. Ол әлі бізбен бірге жүр. Сәуір айының басында Денсаулық сақтау министрлігі алдын ала болжам бойынша Алматы қаласында 850 науқас тіркеледі» деген еді, ал бүгінде 2 мың 353 адамға жетті. Сондықтан талапқа қатаң қарау керек. Далаға шығуға рұқсат еттік. Енді маска тағып жүруге болады ғой. Көшеде, сауда үйінде арақашықтықты сақтау қажет. Бізде бір-біріне ауызашарға барып, оны мақтанышпен әлеуметтік желіге салып қояды. Мұның бірінің де керегі жоқ. Керісінше, әлі де шыдамдылық таныту керек».  

Демек, карантин режимі бітті екен деп, санитарлық қауіпсіздікті ұмытып кетпеген жөн. Мамандар бұл індеттің күз айларында да бізбен болатынын қаперге салды. «Сақтықта – қорлық жоқ» деген бар емес пе?!    

Тегтер: