Алматыда Ғалымжан Нарымбетовтің кеші өтті
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, әлем кубогінің иегері, белгілі сырнайшы Ғалымжан Нарымбетов Абайдың 175 жылдығына арнап жеке шығармашылық кешін өткізді.
Бүгінге дейін Италия, Франция, Ресейде өткен өнер байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы атанып үлгерген Ғалымжан Нарымбетов кеш барысында қазақстандық және шет ел шығармаларын орындады. Халық күйі «Телқоңыр» мен Ықыластың «Ерден» күйін баян аспабының сүйемелдеуімен орындаған Ғалымжан жиналған қауымның қошеметіне бөленді.
«Абайдың 175 жылдық мерейтойы рухани жан азығын іздегендер үшін жақсы себеп болды. Ғалымжан, баянның бар мүмкіндігін көрсетті. Әсіресе фортепиано, қобыз, домбыра мен баянның үні тоғысқан күй тартыс маған ерекше әсер етті. Қазақтың жігіттері нағыз музыканы көрсетті. Оны тек көру керек. Рақмет, бұл - нағыз Абайдың тойы»,- дейді жас әнші Самал Жанатқызы.
Айта кетейік, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үлкен залында өткен кешке бес жүзге жуық көрермен жиналды.